Кәсіподақтың қызметкерлер мүддесі жолындағы тағы бір жетістігі

Жетістік

11.06.2026

 Аққулы ауданының кәсіподақ ұйымына білім беру ұйымдарында педагогикалық емес лауазымдарда жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбек демалысының ұзақтығын арттыру мәселесі бойынша кәсіподақ мүшелерінен тұрақты түрде өтініштер түсіп отырды. Бұл мәселе кәсіподақ белсенділері тарапынан қызметкерлермен және жұмыс берушілермен кездесулерде бірнеше рет көтерілді.

Аққулы ауданының кәсіподақ ұйымы, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының Павлодар облыстық ұйымы және салалық кәсіподақтың бірлескен жұмысының нәтижесінде оң шешімге қол жеткізілді.

Енді педагогикалық лауазымдарды атқаратын қызметкерлерді қоспағанда, барлық кәсіподақ мүшелеріне негізгі ақылы еңбек демалысының ұзақтығын 3 күнтізбелік күнге ұлғайту құқығы берілді.

Бұл норма 2024–2026 жылдарға арналған оқу-ағарту саласы қызметкерлерінің еңбек жағдайларын, жұмыспен қамтылуын және әлеуметтік кепілдіктерін белгілеу жөніндегі әлеуметтік әріптестік туралы Салалық келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қосымша келісіммен бекітілді.

Аталған шешім кәсіподақтың қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі болып табылады және кәсіподақ бастамаларының нақты әлеуметтік кепілдіктерге айналатынын тағы бір мәрте дәлелдейді.

Қосымша демалыс күндері – білім беру ұйымдарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп жүрген педагогикалық емес қызметкерлерге көрсетілетін нақты қолдау шарасы.

Кәсіподақ алдағы уақытта да еңбек жағдайларын жақсарту, әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту және кәсіподақ мүшелерін толғандыратын мәселелерді шешу бағытындағы жұмысын жалғастыра береді.