17.06.2026
Қызылорда қалалық соты «Қуатамлонмұнай» БК ЖШС жұмыскері, кәсіподақ белсендісі Гани Қаликбердиевке қатысты қолданылған «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жазаны заңсыз деп танып, оның күшін жою туралы шешім қабылдады.
Даудың негізінде жұмыскердің еңбек ұжымының әлеуметтік-еңбек мәселелерін көтеруі және қызметкерлердің заңды мүдделерін қорғау мақсатында айтқан пікірлері жатқан болатын.
Сот талқылауы барысында жұмыс беруші тарап жұмыскерді кәсіпорынның құпия ақпаратын жария етті деп айыптағанымен, аталған уәждер жеткілікті дәлелдермен расталмағаны анықталды. Сонымен қатар сот талап қоюшының сол кезде кәсіподақ төрағасы ретінде еңбек ұжымының әлеуметтік-еңбек мәселелерін көтеріп, жұмыскерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау шеңберінде әрекет еткенін назарға алды.
Сот шешімінде талап қоюшының құпия мәліметтерді жариялағаны, кәсіпорынға залал келтіргені немесе тәртіптік жауаптылыққа тартуға негіз болатын құқық бұзушылық жасағаны дәлелденбегені көрсетілді. Нәтижесінде 2025 жылғы 12 желтоқсандағы тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрық заңсыз деп танылып, күші жойылды.
Аталған іс бойынша жұмыскерге құқықтық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетіліп, оның еңбек құқықтарын қорғау жұмыстары жергілікті кәсіподақ ұйымының және Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығының қатысуымен жүзеге асырылды.
Бұл сот шешімі кәсіподақтардың еңбек адамының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудағы маңызды рөлін тағы бір мәрте айқындайды. Сонымен қатар жұмыс берушілердің тәртіптік жауаптылық шараларын қолдану кезінде еңбек заңнамасының талаптарын қатаң сақтауы қажеттігін көрсетеді.
Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы еңбек қатынастары саласындағы заңдылықтың сақталуына қоғамдық бақылауды күшейту, жұмыскерлердің құқықтары мен әлеуметтік-еңбек кепілдіктерін қорғау бағытындағы жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастыра береді.
Еңбек адамының құқығын қорғау – кәсіподақ қызметінің басты басымдығы.
Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі