24.07.2026
Қызылорда облысының Кәсіподақтар орталығы еңбеккерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда. Орталық жанындағы Заң клиникасының кезекті құқықтық араласуы нақты нәтижесін беріп, 59 жұмыскердің заңды құқықтарының қалпына келуіне және тиісті төлемдерін алуына мүмкіндік жасады.
Мәселенің негізі «ҚуатАмлонМұнай» БК ЖШС жұмыскерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымының, төрағасы Айбек Әбдреевтің өтінішінен басталды. Жұмыскерлер міндетті мерзімдік медициналық қарап-тексеруден өту кезеңіне қатысты еңбек заңнамасын қолдану, еңбек демалысындағы жұмыскерлердің тексеруден өту мәселесі бойынша құқықтық көмек сұрап жүгінді.
Өтініш негізінде Қызылорда облысының Кәсіподақтар орталығының Заң клиникасы еңбек заңнамасының талаптарына жан-жақты құқықтық талдау жүргізіп, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексі мен салалық заңнамаларға сүйене отырып жұмыс берушіге ресми құқықтық түсіндірме жолдады.
Заң клиникасының заңгері Майра Боранбаева берген құқықтық қорытындыда міндетті мерзімдік медициналық қарап-тексеруден өту жұмыс берушінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылатыны, ал аталған кезеңде жұмыскердің жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталуы тиіс екендігі көрсетілді. Сонымен қатар медициналық қарап-тексеру еңбек демалысы кезінде өткізілген жағдайда да жұмыскердің осы уақыт үшін орташа жалақы алуға құқығы бар екені заң талаптарымен негізделді.
Кәсіподақтың құқықтық ұстанымы мен заңнамалық дәлелдері оң нәтиже беріп, жұмыс беруші заң талаптарын орындау туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде демалыстары кезеңінде медициналық тексеруден өткен 59 жұмыскерге тиесілі төлемдер толық көлемде жүргізілді.
Қызылорда облысының Кәсіподақтар орталығы жанындағы Заң клиникасы кәсіподақ мүшелеріне құқықтық кеңес беру, еңбек заңнамасын түсіндіру, құқықтық сараптама жасау, еңбек дауларының алдын алу және жұмыскерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау бағытында тұрақты қызмет көрсетіп келеді. Осы жолғы оң нәтиже – кәсіби құқықтық сүйемелдеудің және кәсіподақтың дәйекті ұстанымының тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдеді.