20.08.2026
Еңбек адамының заңды құқығының сақталуы мен әлеуметтік кепілдіктердің толық орындалуы – кәсіподақ қызметінің басты тетігі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нәтижесінде Сыр өңірінде маңызды мәселе оң шешімін тапты.
«Қызмет» салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалының араласуымен Жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығының ауысымдық кестемен жұмыс істейтін қызметкерлерінің заңды құқығы қалпына келтірілді.
Бұған дейін орталықтың кезекші мамандары мен қарауылдары түнгі уақыттағы, сондай-ақ мереке және демалыс күндеріндегі еңбекақының дұрыс төленбеуіне байланысты кәсіподақтың заңгерлік көмегіне жүгінген болатын. Мамандар әрбір өтінішті мұқият зерделеп, заңнама талаптарына сәйкес тиісті шараларды қабылдады.
Құқықтық сүйемелдеудің нәтижесінде 20 жұмыскердің жалақысы қайта есептеліп, түнгі ауысым мен мереке күндердегі атқарған еңбегі үшін тиесілі қосымша төлемдері толық көлемде төленді.
Бұл жағдай кәсіподақтың тек кеңес берумен шектелмей, нақты құқықтық тетіктер арқылы еңбеккерлердің мүддесін қорғауға қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жұмыскердің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау мен заңдылықтың сақталуын бақылау бағытындағы жұмыстар бұдан былай да жалғаса береді.