Абай облысында кәсіподақ өкілдеріне заңнамалық көмек көрсетілді

Жетістік

24.08.2026

Абай облысы Кәсіподақтар орталығының Заң клиникасына ұжымдық шартты әзірлеу және жасасу мәселелері бойынша «Қызмет» салалық кәсіптік одағының Абай облысы бойынша филиалы жүгінді.


Консультация барысында «Жарма ауданы әкімінің аппараты» ММ, «Мақаншы ауданының экономика және қаржы бөлімі» ММ, «Мақаншы ауданы мәслихатының аппараты» ММ, «Абай облысы Семей қаласының Отбасын қолдау және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету орталығы» ҚММ кәсіподақ ұйымдарының өкілдері ұжымдық шарттардың жобаларын әзірлеу барысында туындаған бірқатар мәселелерді көтерді.


Негізгі мәселелер еңбекақы төлеуді реттеу тәртібіне, ұжымдық шарттың қолданылу мерзіміне, жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс уақытына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды ескеруге қатысты болды.


Құқықтық мәселелер және медиация жөніндегі бас маман Сұлтанбек Саятұлы құқықтық консультация беріп, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің тиісті нормаларын қолдану тәртібін түсіндірді.


Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 157-бабына сәйкес ұжымдық шартта еңбекті нормалау, еңбекақы төлеу жүйелері, тарифтік мөлшерлемелер мен лауазымдық айлықақылардың мөлшері, үстеме ақылар мен қосымша ақылар, жұмыс уақыты мен демалыс уақытының ұзақтығы, еңбек демалыстары, сондай-ақ тараптар айқындайтын өзге де жағдайлар көзделуге тиіс екендігі түсіндірілді. Бұл ретте ұжымдық шарттың талаптары еңбек заңнамасының, салалық және өңірлік келісімдердің талаптарымен салыстырғанда қызметкерлердің жағдайын нашарлатпауға тиіс.


Еңбекақы төлеу мәселесі бойынша ұжымдық шартта қолданылатын еңбекақы төлеу жүйесін, лауазымдық айлықақыларды, үстеме ақыларды, қосымша ақыларды және заңнамада әрі тиісті келісімдерде көзделген өзге де төлемдерді белгілеу тәртібін түсіндірді.


Жұмыс уақыты бөлігінде ұжымдық шартта ұйымдағы жұмыс режимін, жұмыс аптасының ұзақтығын, жұмыс күнінің басталу және аяқталу уақытын, тынығуға және тамақтануға арналған үзілістің ұзақтығын, жұмыс уақытын есепке алу тәртібін, сондай-ақ қажет болған жағдайда икемді жұмыс уақытын немесе жұмыс уақытын жиынтық есепке алуды қолдану ерекшеліктерін көрсету ұсынылды.


Заң консультациясының қорытындысы бойынша кәсіподақ ұйымдарының өкілдеріне ұжымдық шарттарды әзірлеу және келісу кезінде Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің қолданыстағы редакциясын, салалық және өңірлік келісімдердің ережелерін басшылыққа алу, сондай-ақ қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік кепілдіктерін нашарлататын талаптарды енгізуге жол бермеу міндеттелді.


Осындай құқықтық консультацияларды өткізу кәсіподақ ұйымдарының құқықтық сауаттылығын арттыруға, қызметкерлердің еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының өзекті талаптарын ескере отырып, ұжымдық шарттарды сапалы әзірлеуге ықпал етеді.