«Кәсіподақ көмектесті»: Жамбылда 5 000-нан астам еңбек адамының құқығы қорғалды

Жетістік

26.08.2026

«Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай кәсіподақтық науқаны аясында жүзеге асырылып отырған «Кәсіподақ көмектеседі» жобасының негізгі мақсаты – еңбек адамының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету және туындаған мәселелерді нақты құқықтық көмек арқылы шешу.

 

«Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі үшін бұл бағыт – күнделікті жұмыстың маңызды бөлігі. Кәсіподақтың құқықтық инспекциясы еңбек адамының жанынан табылып, оның құқығы бұзылған жағдайда заң аясында нақты көмек көрсетіп келеді.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында кәсіподақтың құқықтық қызметі тарапынан Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының орындалуын бақылау мақсатында 315 тексеру жүргізілді. Оның 274-і жоспарлы, 41-і жоспардан тыс тексеру болды.

 

Тексеру нәтижесінде еңбек заңнамасы талаптарының 867 бұзылуы анықталды. Атап айтқанда, еңбек ақы төлеу саласында – 142, жұмыс және демалыс уақыты бойынша – 89, еңбек қатынастарын рәсімдеуде – 268, еңбек тәртібі мен тәртіптік шараларды қолдану тәжірибесінде – 13, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бағытында – 138, әлеуметтік әріптестік пен ұжымдық шарттардың талаптарын орындау бойынша – 107, басқа да мәселелер бойынша 110 заң бұзушылық тіркелді.

 

Бұл цифрлардың әрқайсысының артында – еңбек адамының тағдыры, оның жалақысы, еңбек жағдайы, қауіпсіздігі және әлеуметтік кепілдіктері тұр.

Анықталған кемшіліктерді жою мақсатында ұйым басшыларына 298 жазбаша ұсыныс жолданып, олардың орындалуы бақылауға алынды. Жұмыс берушілер тарапынан 217 жауап алынды.

 

Кәсіподақ мүшелерінің құқықтық өтініштерінде еңбек ақы мәселесі ерекше орын алады. Есепті кезеңде құқықтық қызмет мамандары 5 101 ауызша және жазбаша өтінішті қарады. Оның ішінде 1 291 өтініш еңбекке ақы төлеуге қатысты болды.

 

Практика барысында педагогтердің және басқа да жұмыскерлердің еңбек өтілін дұрыс есептемеу, лауазымдық айлықақы мен тиісті коэффициенттерді қате белгілеу сияқты мәселелер анықталған.

 

Кәсіподақтың құқықтық қызметі мұндай жағдайларда тек мәселені анықтап қана қоймай, оның заң талаптарына сәйкес шешілуіне ықпал етеді. Нәтижесінде 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне 16 670 511 теңге көлеміндегі қаражат мәмілегерлік арқылы реттеліп, төленді. Бұл – кәсіподақ жұмысының еңбек адамы үшін беретін нақты нәтижесінің айқын көрсеткіші.

 

Кәсіподақтың құқықтық көмегі бір ғана тексерумен шектелмейді. Еңбек адамы өз мәселесімен құқықтық инспекция мамандарына ауызша да, жазбаша да жүгіне алады.

Есепті кезеңде 390 жазбаша өтініш бойынша жауап беріліп, 4 722 ауызша кеңес көрсетілді. Кәсіподақ мүшелерінің 1 966 жеке қабылдауы өткізіліп, 2 258 азаматқа телефон арқылы, 483 адамға интернет және әлеуметтік желілер арқылы құқықтық кеңес берілді.

 

Өтініштердің мазмұны да кәсіподақ жұмысының негізгі бағыттарын көрсетеді. Еңбек ақы төлеумен қатар, еңбек шарттарын бұзу, еңбек және ұжымдық шарт талаптарының орындалуы, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, кәсіподақ органдарының қызметі және басқа да еңбек мәселелері бойынша азаматтарға құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

 

Яғни кәсіподақ үшін еңбек адамының мәселесі қай жерде көтерілсе де – жеке қабылдауда, телефон арқылы немесе әлеуметтік желіде – сол мәселе назардан тыс қалмайды.

 

«Кәсіподақ көмектеседі» жобасының маңызды бағыттарының бірі – жұмыскердің қауіпсіз еңбек ету құқығын қорғау. Тексеру барысында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында 138 заң бұзушылық анықталды. Олардың қатарында қауіпсіздік бойынша нұсқаулықтардың болмауы немесе уақытылы жүргізілмеуі, жұмыскерлерді қажетті оқытудан өткізуді қамтамасыз етпеу, жұмысқа кіріспес бұрын және қауіпті жұмыстар алдында міндетті нұсқама өткізбеу сияқты кемшіліктер бар.

 

Сонымен қатар жұмыскерлерді ұжымдық шартта және заңнамада белгіленген жеке қорғаныш құралдарымен толық қамтамасыз етпеу фактілері де кездеседі.

Кәсіподақтың міндеті – мұндай бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, олардың алдын алу. Себебі еңбек қауіпсіздігі – статистика емес, адамның өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты мәселе.

 

Кәсіподақ қызметінің тағы бір маңызды бағыты – еңбек заңнамасы бойынша түсіндіру және оқыту жұмыстарын күшейту. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында құқықтық қызмет мамандары еңбек құқығына қатысты 114 лекция оқып, кәсіподақ мүшелерімен 38 семинар өткізді. Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдарында құқықтық тақырыпта 15 материал жарияланды.

 

Аудандардағы жергілікті газеттерде, «Еңбекші» кәсіподақтық салалық газетінде және кәсіподақтың Facebook, Instagram, Telegram әлеуметтік желілерінде еңбек заңнамасына қатысты өзекті сұрақтарға жауаптар, құқықтық кеңестер мен бейнематериалдар тұрақты түрде жарияланып келеді.

 

Бұл жұмыстардың барлығы кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыруға, еңбек құқықтарының бұзылуына жол бермеуге бағытталған.

Еңбек адамының құқықтарын тиімді қорғау әлеуметтік әріптестіксіз мүмкін емес. Осыған байланысты кәсіподақтың құқықтық инспекциясы облыстық білім басқармасымен, қалалық және аудандық білім бөлімдерімен, жұмыс берушілермен және орталықтандырылған бухгалтериялармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізеді.

 

Мұндай өзара іс-қимыл еңбек саласында туындайтын мәселелерді жедел анықтап, заң талаптарына сәйкес шешуге мүмкіндік береді.

Кәсіподақ пен жұмыс беруші арасындағы конструктивті диалог – еңбек ұжымындағы тұрақтылықтың, әділдіктің және өзара жауапкершіліктің маңызды кепілі.

 

Кәсіподақтың құқық қорғау жұмысының тиімділігі нақты экономикалық көрсеткіштермен де өлшенеді.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында құқықтық қызметтің барлық нысандардағы құқық қорғау жұмыстарының нәтижесінде білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне 16 670 511 теңге көлеміндегі қаражат мәмілегерлік жолмен реттеліп, төленді.

Ал құқықтық қызметтің жалпы экономикалық тиімділігі 223 299 896 теңгені құрады.

 

Бұл – кәсіподақтың еңбек адамы үшін атқарып отырған жұмысының жай ғана есептік көрсеткіші емес. Бұл – заң талаптарының сақталуына ықпал еткен, жұмыскердің мүддесін қорғауға бағытталған нақты жұмыстың нәтижесі.

Кәсіподақ көмектеседі – бұл сөз емес, нақты іс. Бүгінгі таңда кәсіподақтың күші оның мүшелерінің санымен ғана емес, әрбір еңбек адамының құқығын қорғаудағы нақты нәтижесімен бағаланады.

 

«Кәсіподақ көмектеседі» жобасы осы ұстанымның нақты көрінісі. Қызметкердің жалақысы дұрыс есептелмесе – кәсіподақ құқықтық көмек көрсетеді. Еңбек шарты талапқа сай рәсімделмесе – мәселенің заң шеңберінде шешілуіне ықпал етеді. Еңбек қауіпсіздігі сақталмаса – кәсіподақ тиісті талаптарды қоюға бастамашылық етеді. Ал еңбек адамының құқығы бұзылса – кәсіподақ оның жанынан табылады.

 

Қуатты кәсіподақ – еңбек адамының сенімді қорғаны. Ал бұл сенім нақты іспен, заңды қорғаумен және қол жеткізілген нәтижемен нығаяды. 2026 жылдың алғашқы алты айындағы құқықтық инспекцияның жұмысы осының айқын дәлелі.