16.10.2026
Қостанай тұрғыны Ғұмар Бектеміров «Уют Плюс» Пәтер иелері кооперативінен жұмыстан босатылғаннан кейін еңбек құқықтарын қалпына келтіруге қол жеткізді. Кәсіподақ орталығы жанындағы Заң клиникасының заңгерлері оған құқықтық көмек көрсетіп, сотта ісін жүргізді. Нәтижесінде жұмыскерге материалдық және моральдық шығынды өтеу ретінде 1 млн теңге төленді.
2025 жылы Ғұмар Бектеміров жұмыс берушінің еңбек шартын бұзу туралы шешімімен келіспей, кәсіподаққа көмек сұрап жүгінді. Мамандар істің мән-жайын зерделеп, талап арыз дайындауға көмектесті және қалалық әрі облыстық соттардағы сот процестері барысында жұмыскерге қолдау көрсетті.
"Кәсіподақ заңгерлері маған талап арыз жазуға көмектесіп, қалалық және облыстық соттарда қолдау білдірді. Олардың көмегімен істі жеңіп шықтық. Мекемедегі жұмысыма қайта орнығып, тиісті компенсацияны алдым. Менің құқықтарымды қорғап, көмектескендері үшін Кәсіподақ орталығының мамандарына шексіз алғысымды білдіремін", — деді Ғұмар Бектеміров.
Заң клиникасы филиалының басшысы Әсет Есмағамбетовтің айтуынша, бұл жағдай еңбек даулары туындаған кезде заңды көмектің өз уақытында көрсетілуі каншалықты маңызды екенін көрсетеді. Кәсіподақ заңгерлері жұмыскерлерге кеңес береді, қажетті құжаттарды дайындауға көмектеседі және қажет болған жағдайда сотта олардың мүддесін білдіреді.
Әсет Есмағамбетов сондай-ақ еңбек қатынастарын рәсімдеуге байланысты жиі кездесетін мәселеге де назар аударды. Оның айтуынша, кейбір жұмыскерлер ықтимал салдарларды толық түсінбестен, еңбек шартын жасаспай-ақ өз міндеттерін орындауға кіріседі.
"Жұмысқа қабылдау кезінде жұмыс беруші жұмыскермен еңбек шартын жасасуы тиіс. Құжат екі данада рәсімделеді: біреуі жұмыс берушіде сақталады, екіншісі жұмыскерге беріледі. Егер еңбек қатынастары тиісті түрде рәсімделмесе, кейіннен жалақы төлеуде, еңбек өтілін растауда, сондай-ақ басқа да еңбек құқықтарын іске асыруда қиындықтар туындауы мүмкін", — деп түсіндірді Заң клиникасы филиалының басшысы.
Мамандар қол қоймас бұрын еңбек шартының шарттарын мұқият зерделеуді және құжаттың өз данасын сақтап жүруді ұсынады. Жұмыс берушімен келіспеушіліктер туындаған жағдайда жұмыскер заңгерлік кеңес алуға, соның ішінде кәсіподақ ұйымына жүгінуге құқылы.
Ғұмар Бектеміровтің оқиғасы — құқықтық қолдаудың жұмыскерлерге өз мүдделерін заңды жолдармен қорғауға қалай көмектесетінінің айқын үлгісі. Кәсіподақтар жанындағы заң клиникалары еңбек дауларын шешуге көмектесіп, жұмыскерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге ықпал етеді.