Кәсіподақ көмектесті: Үш сатыдағы сот талқысы және кассациялық соттағы жеңіс

Жетістік

09.11.2026

Қостанай облыстық Кәсіподақтар орталығының Заң клиникасына зейнет жасына толуына байланысты еңбек қатынастары тоқтатылған кезде еңбек құқықтары бұзылған қызметкер жүгінді.

 

Қызметкер туындаған мәселемен жалғыз қалмай, бірден кәсіподақтан көмек сұрады. Кәсіподақтар орталығының Заң клиникасының заңгері іске араласып, сот талқылауының барлық кезеңінде қызметкердің мүддесін қорғады.

 

Сонымен қатар бұл жағдайды мемлекеттік еңбек инспекциясы да қарады. Жүргізілген тексеру нәтижесінде еңбек инспекторы бірқатар заң бұзушылықты анықтады. Атап айтқанда, қызметкерге тиесілі ақшалай қаражат төленбегені белгілі болды. Осыған байланысты еңбек инспекциясы жұмыс берушіге анықталған заң бұзушылықтарды жою, соның ішінде қызметкерге өтемақы мен өсімпұл төлеу туралы нұсқама берді.

 

Алайда жұмыс беруші бұл нұсқамен келіспей, сотқа жүгінді. Осылайша, үш сот сатысынан өткен сот дауы басталды.

Бұл процесте қызметкердің мүддесін қорғаған кәсіподақ пен жүргізілген тексеру нәтижелерінің заңдылығын жақтаған мемлекеттік еңбек инспекциясы бірізді ұстаным танытты.

 

Бірінші сатыдағы сот қызметкерге тиесілі ақшалай қаражатты төлеу туралы талаптардың негізді екенін анықтады. Сот жұмыс берушінің өтемақы төлеу және төлемді кешіктіргені үшін өсімпұл есептеу міндетін көздейтін еңбек инспекциясы нұсқамасын заңды деп таныды.

Алайда апелляциялық сатыдағы сот шешімді өзгертіп, еңбек инспекциясының нұсқамасын толығымен күшін жойды.

 

Соған қарамастан, қызметкердің құқықтарын қорғау жұмысы тоқтаған жоқ. Іс кассациялық сатыға дейін жетті. Кассациялық сот еңбек инспекциясы тарапының уәждерімен келісіп, апелляциялық сатыдағы сот еңбек заңнамасының нормаларын дұрыс қолданбаған деген қорытындыға келді.

 

Сот маңызды құқықтық қағидатты растады: зейнет жасына толу – еңбек қатынастарын тоқтатудың дербес негізі. Заңнамада осы негізге байланысты қызметкерге бірқатар кепілдік, соның ішінде өтемақы алу құқығы қарастырылған. Қызметкердің өтініш беру фактісі еңбек қатынастарын тоқтатудың құқықтық негізін өздігінен өзгертпейді.

Сонымен қатар кассациялық сот бұл жағдайда өтемақы төлеу заңда көзделген қызметкер кепілдігі болып табылатынын атап өтті. Ал тиесілі төлемдерді белгіленген мерзімде төлемеген жағдайда өсімпұл төлеу міндеті туындайды.

 

Істі қарау қорытындысы бойынша кассациялық сот мемлекеттік еңбек инспекциясының шағымын қанағаттандырып, апелляциялық сатыдағы сот қаулысына өзгеріс енгізді және бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдырды.

 

Осылайша, кәсіподақ пен мемлекеттік еңбек инспекциясының дәйекті құқықтық ұстанымының арқасында қызметкердің заңнамада көзделген құқықтарын қорғауға мүмкіндік туды.

 

Түйін: қызметкер көмекке дер кезінде жүгініп, оның құқықтары жүйелі әрі кәсіби түрде қорғалса, апелляциялық соттың қолайсыз шешімінен кейін де әділдікке қол жеткізуге болады.