Құрметті мемлекеттік қызметшілер! Ардақты сала ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Мемлекеттік қызметшілер күнімен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының және жеке өз атымнан шын жүректен, ерекше ықыласпен құттықтаймын!
Мемлекеттік қызмет – бұл жай ғана лауазым емес, бұл – ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі, ел алдындағы биік жауапкершілік пен Отанға деген шексіз адалдықтың белгісі. Егемен еліміздің еңсесін тіктеп, өсіп-өркендеуі, заң үстемдігінің сақталуы және әрбір азаматтың әл-ауқатының артуы – сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен кәсіби біліктіліктеріңіздің тікелей жемісі.
Мемлекет пен бұқара халықтың арасында алтын көпір болып, қоғам мүддесін бәрінен биік қоятын игі істеріңіз әрқашан зор құрметке лайықты. Ал осы саланың іргетасын қалап, кейінгі толқынға өнегелі жол, адал еңбектің мектебін көрсетіп кеткен ардақты ардагерлерімізге айтар алғысымыз шексіз.
Кәсіподақтар федерациясы әрқашан сіздердің сенімді тіректеріңіз болып қала береді. Біз мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтарын қорғауды, әлеуметтік кепілдіктерін нығайтып, лайықты жұмыс жағдайын жасауды өзіміздің басты міндетіміз деп білеміз.
Осынау айтулы мерекеде сіздерге сарқылмас қуат, мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға құт-береке тілеймін. Еңбектеріңіз еленіп, әрбір игі бастамаларыңыз тек қана сәттілік пен жеңіске ұлассын!
Ізгі тілекпен,
ҚР Кәсіподақтар федерациясының
төрағасы С.Дәулеталин