«Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 30 жыл толуына және Еңбек күніне орай Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы орталығында салтанатты іс-шара өтті.

«Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» қағидатын арқау еткен ауқымды шараны Ақтөбе облыстық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы ұйымдастырды. Жиынға облыстағы 80-ге жуық кәсіподақ төрағалары мен белсенді мүшелері қатысты.
Іс-шараның өтуіне ұйытқы болып, кәсіподақ саласындағы көптеген ауқымды бастамалардың басы-қасында жүрген Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Назира Табылдинова әріптестерін мерейлі датамен құттықтап, кәсіподақ мүшелеріне ізгі тілегін білдірді.

Өз сөзінде филиал төрағасы еңбек адамының құқықтары мен мүддесін қорғауда кәсіподақ ұйымдарының бірлескен жұмысының маңызын атап өтіп, әріптестеріне еңбектеріне табыс, ұйым жұмысына береке және жаңа жетістіктер тіледі.
Шараның алғашқы бөлімінде кәсіподақ төрағаларына арналған семинар ұйымдастырылды. Кәсіби кездесуде «ҚР Еңбек кодексіндегі өзгерістер мен толықтырулар» және «Ұжымдық шарт: келіссөзден бастап орындалуға дейін» тақырыптары кеңінен талқыланды.
Астана қаласынан арнайы келген заңгер Малина Башарова еңбек заңнамасындағы өзгерістерге тоқталып, жұмыскерлердің құқықтарын қорғау, ұжымдық шарт жасасу және оның талаптарын орындау тәртібі жөнінде жан-жақты түсіндірме берді. Қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты жағдайларға қатысты тәжірибелік кеңестер алды.

Семинардың негізгі мәні – еңбек адамының құқығы заңмен қорғалғанда, оның әлеуметтік жағдайы мен еңбекке деген сенімі де нығая түсетініне назар аудару болды.
Іс-шараның екінші бөлімі марапаттау рәсіміне ұласты. Кәсіподақ қозғалысына белсенді қатысып, еңбек ұжымдарындағы жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға, әлеуметтік әріптестікті дамытуға және кәсіподақ ұйымдарының жұмысын нығайтуға үлес қосқан 50-ге жуық кәсіподақ төрағалары мен белсенді мүшелері марапатталды.

Оларға «Еңбек даңқы», «Мәдениет саласының кәсіподақ үздігі», «Спорт саласының кәсіподақ үздігі» және «Кәсіподаққа 30 жыл» төсбелгілері табысталды.
Марапаттау рәсімінде еңбек адамының қоғамдағы орны, маңдай термен атқарылған еңбектің қадірі және әрбір жұмыскердің құқығы мен мүддесін қорғауда кәсіподақтың атқаратын рөлі ерекше атап өтілді.
Кәсіподақ – еңбек адамының жанынан табылатын, оның үнін жеткізетін және заңды құқықтарын қорғауға ықпал ететін ұйым. Ал еңбек адамының еңбегі бағаланған жерде еңбек мәдениеті де, әлеуметтік тұрақтылық та нығая түседі.

Мерекелік шара барысында Облыстық халық шығармашылығы орталығының өнерпаздары ән шырқап, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Кәсіподақтың 30 жылдығына және Еңбек күніне арналған бұл тағылымды шара еңбек адамын ұлықтаудың, оның еңбегін бағалаудың және кәсіподақ қозғалысының қоғамдағы маңызын айшықтаудың жарқын көрінісі болды.