ҚР кәсіподақтар Федерациясының Кубогын Атырау тобы жеңіп алды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай,  Ақтау қаласында Маңғыстау облысы кәсіподақтар орталығы, «Келешек» кәсіподақ жастар қанатының ұйымдастыруымен ҚР кәсіподақтар Федерациясының Кубогы үшін ІІ-ші республикалық дебат турнирі өтті.

Турнирді өткізуге Маңғыстау облысы кәсіподақтар орталығымен қатар ректор Берік Ахметов және Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік Технологиялар және Инжиниринг Университетінің кәсіподақ ұйымы да белсене атсалысты.

Маңғыстау облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жанабеков:

-Бұл пікірсайысты ұйымдастырудағы біздің басты мақсатымыз – Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын насихаттау, еңбекшілердің құқықтары жөніндегі мәселелерін, мүддесін кәсіподақ арқылы қалай шешуге болады, кәсіподақтың беделін қалай арттыруға болады деген мәселелерді қарастыру.

Шараның ашылу салтанатына Маңғыстау облысы әкімдігінің өкілдері, аймақ кәсіподағының ұзақ жылдар бойы басшысы болған, кәсіподақ ардагері Санатбай Масатов, облыстық мәслихаттың депутаты А.Өрісбаев, «Келешек» кәсіподақ жастар қанатының мүшелері, жұмысшы жастар, жас мамандар кеңесі, жастар ұйымдары, орталықтары және БАҚ өкілдері қатысты.

ІІ-ші республикалық дебат турнирі пікірсайысында  «Цифрлы Қазақстан»,  латын қарпі, ұжымдағы еңбек дауларының алдын алу, жас мамандардың қоғамдағы ролі және т.б. ауқымды тақырыптар қамтылды.

Турнир қорытындысында І жүлделі орынды  – Атырау облысының командасы иеленіп, ҚР кәсіподақтар Федерациясының Кубогын жеңіп алды. Жеңімпаз топқа 100 000 теңгенің сертификаты табысталды. Ал ІІ орынға  – Астана мен Шымкент қалаларынан келген команда лайық деп танылды (70 000 теңге). ІІІ орын – Батыс Қазақстан облысынан келген топқа бұйырды. Жеңімпаз топтарға  ҚР кәсіподақтар Федерациясының дипломдары табысталды.

Сөйтіп, 2018 жылы ІІІ-ші республикалық дебат турнирін Атырау облысының Кәсіподақ орталығы ұйымдастыратын болады.

 

ҚРКФ баспасөз қызметі