Астана қаласының Кәсіподақтар үйінде қалалық Қоғамдық келісім мен Кәсіподақтар орталығының ұйымдастыруымен «Халыққа медициналық қызмет көрсетудің жағдайы және елорданың денсаулық сақтау жүйесін дамыту перспективалары» мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау өткізілді.
Аталған іс – шараға, ұйымдастырушылардың өкілдерінен басқа, қалалық басқармалардың, медициналық мекемелердің, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері қатысты.
Ағымдағы жағдай, денсаулық сақтау саласының келешектегі уақыт талаптарына сай өсіп – өркендеуі туралы баяндаманы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров жасады. Баяндамашының айтуынша соңғы жылдары медицина саласы жүргізіліп отырған реформалар шеңбері мен экономиканың өсуіне сәйкес жоспарлы түрде дамып келеді.
Қоғамдық тыңдауға қатысушылар денсаулық сақтау басқармасының, медициналық мекемелер басшыларының көңілін медициналық қызметтің сапасын көтеруге, кадрлардың біліктілігін аттыруға, жанұялық – амбулаториялық мекемелердің жүйесін дамытуға, ақылы медициналық қызметті оңтайландыруға аударды. Қала тұрғындарына өз денсаулықтарын өздері сақтауға бағытталған көптеген ұсыныстар жасалды.
Қалалық Әкімдіктің, денсаулық сақтау басқармасының және басқа да құрылымдарға арналған ұсынымдарда медициналық мекемелердің материалдық – техникалық базаларын әрі қарай нығайтуға, медицина қызметкерлерінің тұрғын үй – тұрмыстық жағдайларын жақсартуға, жалақыны көтеруге, жас мамандарды әлеуметтік пакеттермен қамтамасыз етуге және сала қызметкерлерінің басқа да мәселелерін шешуге бағытталған нақты ұсыныстар жасалды.
Астана қаласының
Кәсіподақтар орталығы