Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Атқару комитетінің кезекті отырысы өтті. Мұнда ұйымдастыру мәселелері қарастырылып, федерация Жарғысына сәйкес төрт облыстың аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің төрағалары сайланды.
Кадрларды ішкі ауыстыру аясында Е.Сайыров Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары болып сайланды, Г.Жұмагелдиева Кәсіподақтар федерациясы төрағасының кеңесшісі қызметіне тағайындалды.
Солтүстік Қазақстан облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы болып Е.Нұрақаев, Ақмола облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағалығына Қ.Рахметов, Астана қаласының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы лауазымына Т.Есентаев, Жамбыл облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы қызметіне М.Төлепберген сайланды.
Бұрын қызмет атқарған: 1947 жылы туған, Ақмола облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы К.Бекішев; 1954 жылы туған, Солтүстік Қазақстан облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрайымы Д.Ахметова; 1952 жылы туған, Астана қаласының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы С.Мыңбаев Атқару комитетінің шешімімен зейнет жасына жетуіне байланысты қызметінен босатылды. Б.Сапарбаева басқа жұмысқа ауысуына байланысты Жамбыл облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрайымы қызметінен босатылды.
Анықтама үшін:
Ерлан Бияхметұлы Сайыров, 1970 жылы туған, Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Әртүрлі жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде басшылық қызметтерді атқарды, «Мәдени даму институты» Қоғамдық қорының ғылыми жетекшісі болды. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының кеңесшісі лауазымында жұмыс істеді.
Гүлнар Амангелдіқызы Жұмагелдиева, 1974 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Әртүрлі жылдары «БанкТұранӘлем» АҚ Қарағанды филиалының маманы, Қарағанды облысы тау-кен-металлургия өнеркәсібі қызметкерлері Кәсіподағының кеңесші заңгері, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Астана филиалының жетекші маманы, Департамент директоры, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары қызметтерінде жұмыс атқарған.
Ерік Есімұлы Нұрақаев, 1960 жылы туған, Солтүстік Қазақстан облысы, Орталық ауылының тумасы. Әртүрлі жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданының әкімі, Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының әкімі және Петропавл қаласының әкімі, «Нұр Отан» партиясының Солтүстік Қазақстан облысы филиалының басшысы, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды.
Қали Сұлтанахмедұлы Рахметов, 1961 жылы Ақмола облысы Ковыльная бекетінде дүниеге келген. Ақмола облысы, Есіл қаласы Есіл ауданы бойынша салық комитетінде басшылық қызметте жұмыс істеген, Алматы қаласы бойынша салық департаменті Бостандық ауданы салық басқармасының басшысы қызметін атқарған. Есіл қаласының әкімі болды, Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі лауазымында жұмыс істеген.
Тастанбек Құтжанұлы Есентаев, 1960 жылы Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында дүниеге келген. Әртүрлі жылдары Қарағанды облысының туризм, дене мәдениеті және спорт басқармасының басшысы, Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт вице-министрі, Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасы, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы лауазымдарын атқарған.
Мейрамбек Мылтықбайұлы Төлепберген, 1957 жылы Жамбыл облысы Талас ауданы Үшарал ауылында дүниеге келген. «Жетісу», «Халық кеңесі», «Егемен Қазақстан» республикалық басылымдарда басшылық қызметте болған, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ департамент директоры, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары лауазымында жұмыс істеген.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі