Ағымдағы жылғы 2 ақпанда Брюссель қаласында Бүкілеуропалық аймақтық кеңестің 5-ші Жастар комитетінің (БЕАК ЖК) бірінші отырысы өтті. Отырыста комитеттің 9 мүшесі, БЕАК Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Мәскеу кеңсесінің үйлестірушісі, БЕАК кеңесшісі болды. ҚР Кәсіподақтар федерациясынан БЕАК ЖК вице-президенті, Ақпараттық-талдау орталығының маманы Жанна Абилова қатысты.
Отырыстың күн тәртібіне сәйкес 2018-2019 жылдарға арналған басым бағыттар, 2018 жылға арналған іс-әрекеттер жоспары, БЕАК Атқару комитеті, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының басымдықтары/науқандары/съезі, БЕАК жұмыс жоспары және БЕАК ЖК рөлі, Жастар комитетінің өңірлердегі қызметтері, ішкі байланыс ережелері, тағы басқа мәселелер талқыланды.
Талқылау барысында ұлттық кәсіподақтар орталықтарының өкілдері негізгі идеяларымен және кәсіподақтар қозғалысындағы мәселелермен бөлісті. Дауыс беру арқылы алдағы 2 жылға мынандай басым бағыттар қойылды:
- Еңбек саласының келешегі;
- Ұйымдастырушылық;
- Жастардың құқықтары мен мүмкіндіктерін ұлғайту.
Пікірталастар нәтижесінде Комитеттің әр мүшесі нақты басымдықтарға қол жеткізу үшін қажетті ұсыныстарды белгіледі. Жұмыс барысында Мәскеу кеңсесінің үйлестірушісі Анна Сальникова Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының қызметі мен бағыттары туралы айтты.