Федерация Төрағасы Бақытжан Әбдірайым Жамбыл облысында кәсіподақтардың көшбасшыларымен алқалы басқосу өткізді

2018 жылғы 16 ақпанда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым Жамбыл облысында жұмыс сапарымен болды.

Іс-сапар аясында Федерация Төрағасы Бақытжан Әбдірайым мен «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық  қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Мирболат Жақыпов облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қабылдауында болды. Кездесу барысында Федерацияның алдағы міндеттері мен әлеуметтік әріптестік туралы келелі мәселелер талқыланды.

Сондай-ақ, Федерация Төрағасы өңірдегі кәсіподақтардың көшбасшыларымен, жетекші өкілдерімен алқалы басқосу өткізді. Осы кездесуде облыстағы кәсіподақтар қызметін жаңғырту жолдары, кәсіподақтар алдына қойылатын талаптар, ҚР Кәсіподақтар федерациясының 2018-2019 жылдарға арналған жаңғыру жол картасын жүзеге асыру барысы туралы пікір алмасылды.

Бақытжан Әбдірайым кәсіподақтардың әлеуметтік-еңбек қатынастары мен әлеуметтік серіктестік мәселелерін шешудегі рөлі мен міндеттеріне жете тоқталып, Федерацияның алдағы жоспарларымен бөлісті. Төрағадан кейін сөз алған «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық  қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Мирболат Жақыпов салалық кәсіподақтардың алдында тұрған мәселелерге арнайы тоқталып өтті.

Басқосуға Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, Қазақстан іскер әйелдері қауымдастығының Жамбыл облыстық филиалының төрайымы, «Мейірім» медициналық орталығының директоры Гүлдара Нұрымова, «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық  қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» ҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Оңласын Есіркепов және басқа да кәсіподақ мүшелері қатысып, кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жаңғырту жолындағы бетбұрыс қадамдарға үлкен қолдау білдірді.

Осы шара барысында Федерация Төрағасы бір топ кәсіподақ белсенділеріне «Еңбек ардагері», «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерін салтанатты түрде тапсырды.

Сонымен қатар, Бақытжан Әбдірайым М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студент жастарымен кездесіп, Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру барысы жайында өз ойымен бөлісті. Университет ректоры Махметғали Сарыбеков төрағалық еткен кездесу мазмұнды да мағыналы өтіп, студент жастардың салалық кәсіподақ ұйымын құру туралы ұсынысы қолдау тапты. Кездесу аясында Федерация Төрағасы студент жастардың сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасты.

    

ҚР Кәсіподақтар федерациясының баспасөз қызметі