Ағымдағы жылғы 21 ақпанда Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының конференц залында Денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағы Орталық кеңесінің отырысы өтті. Осы отырысқа Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасарлары Ерлан Сайыров және Марат Тоғжанов, сондай-ақ, денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағының аумақтық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Отырыстың күн тәртібінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан халқына Жолдауының басты бағыттары мен міндеттері талқыланып, салалық кәсіподақтың 2017 жылғы жұмыс нәтижесі және 2018 жылға арналған мақсаттары қарастырылды. Сондай-ақ, шара соңында ұйымдастырушылық мәселелер талқыланып, пікір алмасулар болды.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес қызметкерлердің еңбек құқығы мен мүддесіне қатысты көптеген мәселелердің шешімі ұжымдық шарттарда қарастырылатындығы анық. Осы ретте салалық кәсіподақ әр ұйымда ұжымдық шарттың бекітілуіне аса назар аударады. Бұл мәселе әлеуметтік әріптестіктер тарапынан да өз қолдауын табуда. Денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы Мереке Бутина бастауыш кәсіподақ ұйымдарын ұжымдық шарттармен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқандығын айтып өтті. Және де заманауи кезеңде денсаулық сақтау қызметкерлерінің мәртебесі мен беделі, медбикелердің әл-ауқаты, лайықты еңбекақы жүйесі туралы өзекті ойлар айтылды. Қазіргі таңда денсаулық сақтау қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесінде олқылықтар кездесетінін атап өтіп, осы мәселенің алаңдатушылық туғызатындығын жеткізді. Соңғы жылдары елімізде еңбекақы деңгейін көтеруге қатысты атқарылып жатқан іс-шараларға қарамастан, дәрігерлердің жалақы мөлшері әлі де төмен екендігі сөз етілді.
«Денсаулық сақтау саласында қызмет ететін дәрігерлердің, медбикелердің еңбегі күрделі, жоғары білікті, кәсіби. Біз әріптестеріміз, салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағымен бірге қызметкерлерге лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету мақсатында Үкіметке, Парламентке үндеу жазған болатынбыз. Бүгінде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан еңбекақы деңгейін көтеру жөнінде жұмыс тобы құрылды. Біздің салалық кәсіподақ мүшелері өкілдік етеді. Бұл мәселе тез арада шешімін таба қоятын жайт емес. Дегенмен де, біз салалық кәсіподақ ретінде осы мәселені шешу жолында жұмысымызды жалғастырамыз», – деді Денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Төрайымы Мереке Бутина.
«Еліміздегі кәсіподақ қозғалысының негізі бірлік пен ынтымақтастық болып табылады. Кәсіподақтардың мәртебесін көтеруде осы қағидаларды негізге алу өте маңызды. Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы басшылығының тапсырысымен 2018-2019 жылдарға жаңғыру жол картасы әзірленіп, облыстарда, бастауыш кәсіподақ ұйымдарында, өндірістік кәсіпорындарда талқылануда. Сондай-ақ, заманауи кезеңдегі кәсіподақтардың рөлі мен орны туралы жалпыұлттық пікір алмасу жарияладық. Осы талқылау аясында кәсіподақтар жұмысын жетілдіру мақсатында ұсыныстарды қабылдап жатырмыз. Сол ұсыныстарды қарастыра отырып, осы құжатты әлі де жетілдіре түсеміз. Ең бастысы, өндірістік кәсіпорындарда туындайтын әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелерін дұрыс және нақты шешу жүйесін құруымыз тиістігі анық», – деді өз сөзінде ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Ерлан Сайыров.