ҚР ПРЕЗИДЕНТІ Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ ҮНДЕУІ ТУРАЛЫ ҚР КӘСІПОДАҚТАР ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Қазақстан кәсіподақтары Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 наурызда өткен ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында көтерген бес әлеуметтік бастамасын ерекше шабытпен қабылдады.

Үндеу уақытқа сай және анық айқындалған әлеуметтік сипатқа ие, сонымен қатар қазақстандық қоғамның барлық топтарын қамтиды. Ұлт көшбасшысының осы үндеуі «Қазақстан – біздің ортақ үй» идеясына  ерекше  жаңа мән береді.

Еліміздің экономикасы мен азаматтары дамуға жаңа қарқын алуда. «Жылдық мөлшерлемесі 7% – бастапқы жарнасы 20% – несие мерзімі 25 жыл» деген айқын формула бойынша әр отбасы баспаналы болуға мүмкіндік алатын алғашқы бастама миллиондаған  қазақстандықтарға тұрғын үй алуға жаңа қолжетімді мүмкіндік туғызады.

Мұндай несиелеу шарттары еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері алғаш рет ұсынылып отыр. Бұл экономиканың өсуіне, орта және шағын бизнестің жандануына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына жәрдемдеседі.

Аз қамтылған азаматтар үшін салық жүктемесін азайтуға бағытталған екінші бастама еліміздегі көптеген азаматтардың жағдайын жеңілдетеді. Осы санаттағы азаматтар үшін салық жүктемесін 10 есе – кіріс салығын 1 пайызға дейін азайту 2019 жылғы бірінші ақпаннан бастап жүзеге асырылады. Қоғам оңтайлы салық жүйесін бұрыннан күткен және Елбасы осы бастаманы айтып өтті.

Үшінші бастаманы Қазақстандағы адам капиталы индексін дамытуға бағытталған бағдар ретінде қабылдаймыз. Жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру және студенттердің тұрмыс жағдайын жақсарту Елбасының жас ұрпаққа деген ерекше ықыласын көрсетеді. Мыңдаған жаңа гранттар бөлінетіндігі және республика бойынша жаңа жатақханалардың салынатындығы осының айқын дәлелі болмақ.

Микронесиелеу көлемін арттыру еліміздің экономикасына азаматтарымыздың, шағын және орта бизнестің қосатын үлестерін ұлғайтуына мүмкіндік береді, тұрғындардың тиімді жұмыспен қамтамасыз етілуін арттыруға жәрдемдеседі.

Елорданы газ желілерімен қамту Қазақстанның дамуына орасан үлес қосады.

Қазақстан кәсіподақтары Үндеудің елімізде жаңа жұмыс орындарының пайда болуына және экономикалық процестердің жандануына ерекше қарқын қосатындығына сенеді. Біз әрқашан Елбасы бастамаларын қолдаймыз және Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық жаңғыру бағытының қолдаушысы болып табыламыз!

ҚР Кәсіподақтар федерациясы