ҚР Кәсіподақтар федерациясы Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінің негізгі ережелерін түсіндіру аясында Қазақстан бойынша қоғамдық-саяси маңызы бар кешенді іс-шараларды өткізуде.
15 наурыз Астанада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен «Еңбек нарығы: жаһандық үрдістер, мәселелер мен мүмкіндіктер» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Халықаралық еңбек ұйымының мәліметтері бойынша дүние жүзі бойынша шамамен 62 миллионнан астам адамға жұмыс орындары жетіспейді. Жастар арасындағы жұмыссыздық елдегі жалпы жұмыссыздық деңгейіне қарағанда 2 есе жоғары, ал әйелдер арасында ерлерге қарағанда 26% жоғары. Әйелдер қауымының еңбекақысы ерлерге қарағанда 20% төмен. Дүние жүзі бойынша 313 миллион жұмыс істейтіндер тәулігіне 1,25 АҚШ долларына күн көруде.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым Қазақстан кәсіподақтары еліміздің экономикасына азаматтарымыздың, шағын және орта бизнестің қосатын үлестерін ұлғайтуына, тұрғындардың тиімді жұмыспен қамтамасыз етілуін арттыруға мүмкіндік беретін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасынан үлкен үміт күтетіндігін атап өтті.
Конференцияда белгілі экономистер, сарапшылар мен қоғамдық пікірдің көшбасшылары сөз сөйледі.
Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының ғылыми жетекшісі Жақсыбек Күлекеев еңбек нарығының мәселелері мен еңбек ету қабілетінің сапасын арттыру туралы айтты.
«Талап» қолданбалы зерттеу орталығының директоры Рахым Ошақбаев еңбек нарынығың өзекті мәселелерін талдау нәтижелерін көрсетті.
Ауылдағы өзін-өзі қамтушыларға қандай көмек түрлері қажеттігі және осы мәселенің түйінді шешімдері туралы Ауыл шаруашылық кооперативтерінің ұлттық одағы төралқалығының төрағасы Төлеутай Рахымбеков айтып өтті.
Конференцияға қатысушылар жаңа жұмыс орындарын құру, жастар және ауыл жастары үшін әлеуметтік сатыларды ұлғайту, ҚР экономикасын жаңғырту, еңбек өнімділігін арттыру қазақстандық экономиканың күн тәртібіндегі түйінді мәселелер болып табылады деген пікірге келді.
Сондай-ақ, жиынға қатысушылар бизнес қауымдастықтың мемлекет пен азаматтардың әлеуметтік әріптестігіне өзіндік үлестерін қосуы тиістігіне сенімді. Бизнестің әлеуметтік инвестициялары әлеуметтік маңызды мәселелері бар аудандарда еңбек нарығын құрумен қатар, осы мәселелердің шешімін табуда маңызды рөл атқарады.
Қазақстан кәсіподақтары өз құзыреті мен мүмкіндіктерінің аясында мемлекеттік органдар алдында әлеуметтік-еңбек қатынастарының өзекті мәселелерін көтеруге және Қазақстандағы адам капиталы индексін дамытуға ниетті.