Әлеуметтік әріптестік жөніндегі Келісім – білім және ғылым жүйесіндегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудің негізгі принциптерін белгілейтін негізгі құжат. Оның ережелері қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасындағы ұжымдық шарттардың негізі болып табылады.
Осы ретте, білім және ғылым қызметкерлерінің әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу, әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз ету, жұмыс беруші мен жұмыскердің арасында келіссөздер жүргізу, еңбек даулары туындаған жағдайда оларды дер кезінде шешуге жәрдемдесу мақсатында білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымы, облыстық білім басқармасы және Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы 2018 – 2020 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты Келісімге қол қойды.
Аумақтық кәсіподақ ұйымының заңгері Ә.Тұрдығұлов баяндама жасап, әлеуметтік әріптестік жөніндегі комиссияның атқарған жұмысына тоқталды. «2015 жылы қол қойылған әлеуметтік әріптестік жөніндегі келісім өзінің миссиясын толықтай орындап шықты деуге болады. Биылғы жылдан бастап Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 147 бабына сәйкес жұмыс берушілердің уәкілетті өкілдері, яғни үшінші Тарап ретінде Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы қосылып отыр. Бұл да өз кезегінде білім беру саласы қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын заң негізінде қорғау жұмысына жаңа серпін береді деп ойлаймыз», – деді өз сөзінде Әсет Қайырханұлы.
Қол қою рәсміне Талдықорған аумақтық кәсіподақ ұйымының төрағасы С.Әбдіқадыров, Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Д.Жүнісов, Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары А.Оңғарбаева, аудандық қалалық кәсіподақ комитеттерінің төрағалары, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің, білім беру мекемелерінің басшылары қатысты.
Айта кететіні, облыстық білім басқармасы мен Талдықорған аумақтық кәсіподақ ұйымы арасында 2015-2017 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік жөніндегі келісімнің мерзімі наурыз айында аяқталады. 2018-2020 жылдарға арналған жаңа Келісімнің жобасын дайындау мақсатында жұмыс тобы құрылып, екі отырысы өтті.