26 сәуірде Маңғыстау облысы кәсіподағының 45 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Кубогы үшін облыстық кәсіподақтар ұйымы арасында волейболдан жарыс басталды. Жарысқа өңірдегі ірі өндіріс мекемелері, білім басқармалары, коммунальдық мекемелердегі кәсіподақ ұйымдарынан жасақталған командалар қатысып, бақтарын сынады.
Жарыстың ашылуына Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Б.О.Тұяқов, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қ.Қ. Жанабеков, «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Д.Е.Оралов сөз сөйлеп, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі. Ашылу салтанатына жергілікті кәсіподақ төрағалары Мысанбаев Т., Бекбосынов А., Темірқасов М., Серікбаев Б., Ақшин А., Сүйірханов А. қатысты.
– Жарысқа қатысуға ниет білдірген командалар көп болды. Бүгін жұмысшыларды спортпен айналысуға шақырып, салауатты өмір салтын сақтауды насихаттап, үздіктерді анықтамақшымыз. Маңғыстау облысы кәсіподағының 45 жылдығына арналып отыр. Бұл алдағы уақытта өтетін шараларымыздың басы ғана, – дейді Облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жанабеков.