«Рухани жаңғыру» киелі мекен – Күреңбелде жалғасын тапты

12 мамыр күні білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымының белсенділері «Алтынемел» Ұлттық табиғи паркіне саяхаттап қайтты.

Тарихи және өлкетанулық маңызы зор экскурсия мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында берілген тапсырмалар аясында ұйымдастырылды.

Саяхат мақсаты – Елбасы бағдарламасына қолдау көрсету, туған өлкенің тарихи мұраларымен танысу, жер жаннаты – Жетісуда туризмді дамыту.

Шараға аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттерінің төрағалары, кәсіподақ саласының ардагерлері қатысты.

Кәсіподақ белсенділері алдымен Алматы облысы Кербұлақ ауданы Шанханай ауылындағы Ш.Уәлихановтың «Алтынемел» мемлекеттік мемориалды музейіне ат басын тіреп, мұражай ішіндегі тарихи жәдігерлерді, ғалымның қолжазбаларын, пайдаланған заттарын, оның экспедиция кезінде салған суреттерін көрді. Шоқан Уалихановтың зиратына  барып, құран бағыштады.

Сапар барысында кәсіподақ көшбасшылары «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық паркін аралап, мол мағлұмат жинады. Алтынемел Ұлттық табиғи паркінің танымал жерлері – «Айғайқұмның» сиқырлы әуенін, біздің заманымызға дейінгі VII-III ғасырларда өмір сүрген сақ көсемдері жерленген «Бесшатыр» қорғандарын, флорасы мен фаунасын  тамашалады. Қашқарияға сапары кезінде ғалым Шоқан Уәлиханов аялдаған бұлақтан су ішті.

Экспедицияға қатысушылар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдап, үн қосу мақсатында флешмоб ұйымдастырды.