Келелі мәселелер сөз етілді

Жамбыл облыстық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың 16 мамыр күні М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Қоғам дамуы және адам капиталы» деген тақырыпта дөнгелек үстел өткізілді.

Бұл мәселе бойынша еркін әңгімеге университеттің ғалым оқытушы-профессорлар құрамы қатысты. 100-ге жуық ғалым кісілер тақырып аясында, қоғамдық дамудың жолында білім, адал еңбек ету және жастарды тәрбиелеу тұрғысында ой бөлісті.

«Дөңгелек үстел» отырысына арнайы шақырылған әйгілі азамат, «Казфосфат» ЖШС Бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров әсіресе, цифрландыру заманында еңбек күшінің  қажеттігі қандай деңгейде болатыны, жасанды интелект, химия өндірісіне қажетті мамандар даярлау, экологияны қорғау, әлеуметтік әріптестік пен еңбек қарым-қатынастары туралы мағыналы ой айтты. ТарМУ ректоры М.Сарыбеков орта мектеп мұғалімдері арасында химия, математика, биология пәндерін оқытудың барысына қатысты өзекті мәселелерді алға тартты. Жамбыл облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М. Төлепберген еңбеккерлердің мүддесін қорғау, еңбек шартын жасау  және еңбектің тиімділігін арттыру жайында кәсіподақ ұйымдарымен бірлесіп қызмет атқарудың бағалы жақтарына мән берді.

«Дөңгелек үстелге» қатысушылар 2 сағат бойы өткізілген еркін әңгіме барысында ұлттық құндылықтар мен мемлекеттік бағдарламалардың тарихи халықтық мазмұнына қатысты пікірталасты.

Жамбыл облыстық қәсіподақтар бірлестігі мұндай «Дөңгелек үстелді» әр аудан бойынша да өткізіп келеді. Бұған дейін Сарысу және Т.Рысқұлов аудандарында өткізілген болатын.