Сындарлы әріптестік

ҚР Кәсіподақтар федерациясы еліміздің саяси-қоғамдық күштерімен өзара сындарлы кездесуін жалғастыруда. 27 маусымда ҚРКФ Төрағасы Бақытжан Әбдірайым мен «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттар партиясының Төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаевтың кездесуі өтті.

Әли Бектаев атап өткендей, партияның басты мақсаттары аграрлық секторды мемлекет тарапынан қолдауды және реттеуді күшейту, ауыл еңбеккерлерінің мүддесін қорғау, экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыруға және халықтың патриоттық тәрбиесінің қалыптасуына жәрдемдесу болып табылады.

ҚРКФ Төрағасы Бақытжан Әбдірайымның пікірі бойынша, айтылған міндеттер көп жағдайда ҚР Кәсіподақтар федерациясының алдында тұрған міндеттерге сай келеді. Атап айтқанда, бүгінгі таңда Федерация экономиканың нақты секторында кәсіподақтар қозғалысын дамыту, еңбек адамының мүддесін қорғау, жұмысшы және ауыл жастарын еңбек нарығына бейімдеу мәселелерінің оң шешімін табуда.

Сонымен қатар, кездесуде экономика құрылымында өзі-өзі жұмыспен қамтушылар жайы мен білікті мамандардың, әсіресе, жастар арасында жетіспеушілігінен еңбек нарығындағы теңгерімсіздік мәселелері талқыланды.

«Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттар партиясы жерді тиімді пайдалану, заманауи инновациялық технологиялардың лайықты деңгейде  қолданылмауы, сондай-ақ, аграрлық секторды дамытуда ғылыми және ақпараттық жетістіктерді пайдалану мәселелеріне алаңдаушылық білдіреді.