Бүгін облыстық арнайы көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханада елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Асқақтай бер алтын ордам – Астана» атты мерекелік кеш болып өтті. Кешті кітапхана қызметкері Е.Бакиев және «Ерекше жандар» бағдарламасының жүргізушісі Мадина Ермаханова жүргізді. Шығармашылық кеште өмірге құштар жандардың өнері көпшілікке тарту етілді. Кеш шымылдығын «Арман қала Астана» әнімен республикалық «Үміт жанарында» байқауының жеңімпаздары Бақдәулет Құрал мен Айнұр Смандияр ашты. Ән жалғасы құттықтау сөзге ұласты, кітапхана директоры Б.Нұрманбетов ҚЗҚҚБ облыстық филиалының төрағасы Н. Алтынбеков Облыстық мәдениет кәсіподағының төрағасы Б.Пірімбетов, облыстық Отырар кітапханасынан Г.Алпысбаева сынды әріптестер ақ тілегін арнап мерекелік лебіздерін жолдады. Айтулы шарада Астананың 20 жылдығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар зағип жандардың қолынан шыққан тақырыпқа сай арнайы қолөнер бұйымдары қойылды. Спорттық ойындар өткізіліп көрерменге жан-жақты тарту жасалды. Ән мен жыр шалқыған кеште қазақтың қара домбырасымен күмбірлете күй төккен «Жасын» ұлт аспаптар ансамбіліде өнер көрсетіп көптің алғысын алды. Қазығұрттық І топ көз мүгедегі кітапханамыздың белсенді оқырманы, көптеген байқаулардың жүлдегері Р.Тайыров «Азаттықтың ақ таңы» деп ән жолдаса М.Жанпейісов, А.Басымбекова, Б.Құрал сынды талантты әншілер алаш аспанын тәуелсіздіктің әуенімен тербетті. Кеш барысында Ұ.Тұранбаева келген қонақтарға алғысын білдіріп кештің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан бірқатар азаматтарға кітапхана директорының атынан арнайы алғыс хат табыстады. Кеш соңы «Тәуелсіз елім» әнімен түйінделді. Ел ордасы Астананың мәртебесі асқақтап бейбіт елдің басынан бақ таймасын, азат күнде халқымыз аман болсын деп кешке келген қонақтарда әрекше әсермен тарасты.