Медиация күніне арналған Ашық есік күні өткізілді

2018 жылғы 3 шілдеде сағат 10.00-де Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Астана қаласының кәсіподақтар орталығымен бірлесіп Медиация күніне арналған Ашық есік күнін өткізді.

Іс-шараға қалалық сот судьялары, ҚР Кәсіподақтар федерациясының мамандары, Астана қаласының кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, кәсіби медиаторлары қатысты:  Ж.Ж.Усипбекова – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының сектор меңгерушісі, « Татуласу орталығы» жобасының үйлестірушісі,  Л.К.Суюндукова – Астана қаласы Байқоңыр аудандық сотының судьясы және т.б.

Іс-шараның мақсаты – медиация институтын азаматтарымыздың еңбек және әлеуметтік дауларын шешудің әлеуметтік құралы ретінде дамыту және нығайту.

2011 жылғы 5 тамызда «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енді. Аталмыш жайт Қазақстанның барлық құқық жүйесі үшін елеулі жағдай болды, бұл өз кезегінде азаматтық қоғам институттарының әрі қарай дамуына және құқықтық мемлекет негіздерінің нығаюына жәрдемдесті.

2018 жылғы 19 наурызда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты арасында Әріптестік туралы қол қойылған меморандумды жүзеге асыру мақсатында ҚР Кәсіподақтар федерациясының аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінде медиация кабинеттері құрылды, сондай-ақ, кәсіби медиаторлар, психологтар, заңгерлер, нотариустардың қатысуымен тараптарды татуластыру орталықтары ашылды.

Медиация күніне орай Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының барлық кәсіподақтар орталықтарында семинарлар, дөңгелек үстелдер, ашық есік күндері өткізілуде.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиация кабинеттері мен тараптарды татуластыру орталықтарымен өткізілетін іс-шаралар медиация институтын еңбек және әлеуметтік даулардың алдын алу, шешу, дауларды сотқа дейін реттеу, халық арасында медиация институтын соттар мен құқық қорғау органдарының қатысуынсыз даулар мен жанжалдарды шешудің әлеуметтік және балама әдісі ретінде насихаттау механизмін дамытуға бағытталған.

Ашық есік күні аясында ҚР Кәсіподақтар федерациясы Астана қаласының кәсіподақтар орталығымен бірлесіп Федерацияның кәсіби медиаторларының кәсіподақтарға құқықтық көмек көрсету, еңбек дауларын медиация тәртібімен реттеу, еңбек заңнамасы мәселелері бойынша азаматтарды қабылдауын жүргізді.