2018 жылдың 23 тамыз күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Атырау қаласындағы жұмыс сапарында облыстың өнеркәсібі мен әлеуметтік тынысымен танысып, аймақтың экономикасы қарқынды дамып келе жатқанын және әлеуметтік тұрақтылық қамтамасыз етілгенін айтты. Өзінің төрағалығымен өткен Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте мемлекет басшысы егеменді еліміздің экономикасы дамуына Атырау халқының қосқан үлесін ерекше атап, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың жұмысына он баға берді. Сонымен қатар, Елбасы Кәсіподақтар федерациясына қарасты Атырау облысы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Ізтұрған Баймұқановтың облыстағы кәсіподақ қозғалысы бойынша мәлімдемесін тындап, кәсіподақ ұйымдары қызметкерлер мен жұмыс берушінің ортасында алтын көпір болуды және тараптардың келісілгендігіне қол жеткізуді жолдарын іздестіруді тапсырды.
Атырау облысы кәсіподақ орталығының төрағасы І.Баймұқанов: – Аса қадірлі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы! Мен – мұнайшымын, осы салада 35 жыл еңбек еттім. Мұнайлы өңір жұртшылығы Сіздің бізге деген ықыласыңызды ерекше екенін жақсы біледі. Мұнай саласы – Қазақстан экономикасының күретамыры, локомотиві. Осы саладан екі бірдей Қазақстанның Еңбек Ері шығуының өзі сөзіміздің айқын дәлелі болса керек. Оның бірі майталман мұнайшы Ұзақбай Қарабалин болса, екіншісі – елге белгілі Руслан Қуатов. Бұл жоғары марапат тек екі адамның ғана еңбегі емес, бүкіл сала мұнайшыларына деген ілтипат деп білеміз. Әсіресе, Сіздің инвестиция тарту саясатыңыздың арқасында Теңіз, Қашаған және басқа да кен орындарында үш жүзден астам отандық және шетелдік компаниялардың жұмысшылары еңбек етуде. Қуантарлық жағдай, өңірдегі кен орындарындағы қызметкерлердің 97 пайызы қазақстандықтар, оның ішінде шетел және отандық оқу орындарында оқып үш тілде еркін сөйлей алатын білімді де білікті қазақстандықтар, олар әлемнің түкпір-түкпірінен келген шетел мамандарымен қатар терезесі тең инженерлік, басшылық лауазымдарында қызмет атқаруда. Облыс бойынша 700-ге жуық кəсіпорында 100-мыңнан астам жұмысшылар кәсіподақ мүшелері. Кәсіподақтар Федерациясының жаңа тынысы ашылды. Бүгінде жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы қарым-қатынас жақсара түсіп, кәсіподақтардың қызметіне жастарды тартудамыз.