Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа Жолдауы Қазақстан халқының әл-ауқаты мәселесінің басым бағыттарына арналды. Елбасы көпшіліктің көкейіндегі маңызды мәселелерді әрдайым дөп басып біліп, көріп қана қоймай, оны шешудің айқын да ақылға қонымды амалдарын алға тартып отыратын көшбасшы екені хақ. Жолдаудың басты екпіні әр қазақстандық азаматқа қолдау жасауға бағытталған.
Қоғамның барлық саласын қамтыған Жолдаудың негізгі мәні – адамның өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру. Себебі мемлекеттің басты байлығы – адам капиталы. Мемлекетті дамыту жөніндегі Президент ойларының нақтылығы осынау күрделі кезеңде өмір сүріп жатқан халықтың көңіліне сенімділік ұялатады.
Бұл Жолдауда елдің тыныс-тіршілігіне қатысты бірде-бір мәселе назардан тыс қалған жоқ. Соның ерекше дәлелі – Елбасының «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдауды тапсырып, педагогикалық қызметті жоғары қоюы бүкіл ұстаздар қауымын зор қуанышқа кенелтті. Сонымен қатар ұстаздарға да шәкірттерге білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударулары керектігін атап өтті.
Төменгі жалақының мөлшерін көбейту еліміздегі 1 млн 300 еңбекшінің әлеуметтік жағдайын көш-керуен көтереді. Бұл мәселені ірі орта және кіші бизнес өкілдері қызу қолдап қана қоймай, жұмысшыларының төменгі жалақысын осы мөлшерге көтеретіндігін мәлімдеп жатыр. Яғни, бұл шара еліміздің барша еңбеккерлерінің әлеуметтік индексін кешенді жоғарылатуға қабілетті.
Жолдаудың басты мәйегі табыс пен тұрмыс сапасының артуына жете мән беру. Елбасы осыған орай қысқа және ұзақ мерзімдерге арналған міндеттемелерді ұсынды. Осы орайда Елбасы Жолдауы кәсіподақтардың да көзқарасы, қайнар көзі болып отырғаны анық.
Кәсіподақтардың ұстанымы: «тұрақты кәсіпорын – тұрақты қоғам – тұрақты ел!». Тұрақтылық – кез келген қоғамның басты құндылығы. Егер жұмысшы кәсіпорынның тұрақты дамуына көз жеткізсе, сондай-ақ өзінің заңды түрде қорғауға ие екенін және әлеуметтік қамқорлықты сезінсе, мұндай жұмысшының отбасындағы жағдайы да жақсы болады. Бұл – өзара байланысты үрдіс. Елбасы бүгінгі жасанды интеллект, цифрлы технология, роботтандыру сияқты әлеуметтік ландшафтты өзгерте отырып, еңбек қатынастарына түбегейлі әсер ететін трендтер жайлы үнемі сөз қозғап келеді.
Жолдауда жаhандық талаптарды ескере отырып, ел экономикасын цифрлы технология негізінде дамытып, жаңа индустрияны қалыптастыру керектігін атап өткен болатын. Алдымыздағы міндет – терең, бағыт-бағдар – сан алуан! Кәсіподақты жаңғырту мәселесі осынау міндеттерді орындау үшін қажет. Бүгінгі таңда Қазақстан кәсіподақтар федерациясы – еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы ең ірі қоғамдық ұйым саналады. Сапында 2 миллионға жуық мүшелерді біріктіретін 22 салалық кәсіподақ, кәсіподақтардың 16 аумақтық бірлестігі федерацияның мүшелік ұйымдары болып отыр. Бастауыш кәсіподақ ұйымдардың жалпы саны 20 мыңға жақын.
Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік жауапты ұйым ретінде өз қызметін жаңғыртуға кірісті. Жаңғыру кезеңінде еліміздің кәсіподақтары заман талабына сай дамудың жаңа векторын анықтауы керек. Әлеуметтік және еңбек қатынастары мен әлеуметтік әріптестік мәселелерін көтеруге және шешуге қабілетті қуатты және жасампаз әлеуметтік институт болуы тиіс. Осы мақсаттарға жету үшін ең алдымен, тұжырымды диалогке, ымыраға келуге, консенсусқа қол жеткізудің ұжымдық қабілеті қажет. Альберт Эйнштейн: «Уақыт пен кеңістік жоқ, бірақ олардың бірлігі бар» деген. Азаматтардың әлеуметтік кепілдіктерін қорғайтын кәсіподақтар «сананы жаңғырту» мен адам индексінің және мемлекеттің табысты рухани дамуына өз үлестерін қосқаны абзал. «Сананы жаңғырту» – үздіксіз процесс, яғни біз үнемі өзгерістерге қабілетті болуымыз керек дегенді білдіреді. Біздің көз алдымызда Қазақстандағы жұмыспен қамту құрылымы түбегейлі өзгереді.
Биыл «Қазпошта» Астанада жаңа роботтандырылған офисін ашты. Онда консультанттардан бастап, доңғалақты пошташыға дейін жасанды интеллект арқылы басқарылады. ERG компаниясының өзі ғана таяудағы 10 жылда цифрландыру жобаларына 800 миллиард теңге инвестициялауды жоспарлап отыр. Бір жағынан бұл – кәсіпорындарымыз бен экономикамыз үшін жағымды беталыс, екінші жағынан бізге артылатын жүк, сондықтан біз жұмыстан босаған адамдардың қай жерге жұмысқа орналасатынын нақты түсінуіміз керек. Біз жұмыс берушілермен бірге, осы аспектіде жұмысшылардың әлеуметтік бейімделу мәселелерімен айналысатын локоматив пен әлеуметтік күш ретінде әрекет етуіміз керек. Осы орайда кәсіподақтарды қауіпсіздік пен еңбекті қорғау мәселелері алаңдатпай қоймайды.
Біз үнемі ғылыми-техникалық өрлеу өнімнің өңін өзгертіп, адам қауіпсіздігін кемел түрде қамтамасыз ететін, жаңа арнайы құрал-жабдықтар мен қорғаныс құралдарының енгізілетінін үнемі жариялаймыз. Алайда, қазіргі таңда жарақаттар мен өндірістегі жұмыс кезіндегі өлім азаймай отыр. Ағымдағы жылдың тамыз айындағы мәліметке сәйкес, зардап шеккендердің саны 842 адамды құрады, оның 114-і өлімге әкелген жағдай. Бұл жағдай осынау ауыр халге ұшыраған әр отбасының трагедиясы. Осы мәселені кешенді шешетін уақыт жеткен тәрізді.
Біз ірі кәсіпорындардың акционерлері мен менеджментіне кәсіподақтармен бірлесіп, халықаралық стандарттарға сай Өндірістік кеңес жұмысының алгоритмін әзірлеуді ұсынамыз. Мүмкін әлеуметтік әріптестермен, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындармен бірлесіп еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың өзекті мәселелері бойынша бүкіл қазақстандықтың басқосу өткізуіне бастама көтеру қажет шығар? Акционерлер мен компаниялардың басшылығы еңбек қауіпсіздігі мен еңбеккерлердің әл-ауқатының тұрақтылығы кәсіпорын табысының тұрақтылығының кепілі екенін түсінуі керек. Сондықтан кəсіпорындарда заманауи əлеуметтік даму стандарттарын енгізу мəселесі күн тәртібіне қойылуы тиіс. Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік серіктестермен бірлесіп, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы медиация мәселелерін жаңа сапалы деңгейге шығаруға атсалысуда. Бұл мәселе бойынша біз Жоғарғы сотпен бірлесе қадам жасап жатырмыз.
Елбасы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында «жалпыға ортақ еңбек қоғамы» жөнінде тағы да атап өтті. Бұл – Мемлекет басшысының барша еңбеккер қауымына құрметі.
Сондықтан Жолдауда аталған мәселелерді кешенді іске асыру үшін кәсіподақтар қарышты еңбек ететін болады.
Халқымыз «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Ырыс арқылы жасампаздыққа ілгерілей берейік!
https://egemen.kz/article/176815-enhbekkerler-elbasy-nazarynda