Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы 2018 жылды «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылы» деп жариялады. Бұл бастама еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылауды күшейтуге және 2018 жылғы 5 қазандағы Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес лайықты еңбекті бағалауға бағытталған.
Осыған орай үстіміздегі жылдың 10 желтоқсанында 2018 жылға бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес ҚР Кәсіподақтар Федерациясы “Нұр Отан” партиясымен бірге еліміздегі ең үздік техникалық инспекторлардың қатысумен Павлодар облысындағы Ақсу ферроқорытпа зауытында (“Қазхром” Транcұлттық компаниясы”АҚ филиалы) “Лайықты еңбек – мемлекеттік тұрақтылық негізі” атты Еңбекшілер Форумы өтті.
Форум жұмысына “Нұр Отан” партиясының бірінші орынбасары М.Әшімбаев, ҚРКФ төрағасы Б.Әбдірайым, Павлодар облысының әкімі, партияның Павлодар облыстық филиалының төрағасы Б.Бақауов, “Қазхром” Трансұлттық компаниясы” АҚ Ақсу ферроқортыпа зауыты филиалының директоры С.Прокопьев, Молдованың Кәсіподақтар Ұлттық Конфедерациясының еңбек Инспекторатының директоры Е.Каркилан, “Нұр Отан” партиясының және Павлодар облысының Жас Отан ЖҚ белсенділері, ҚР кәсіподақтарының салалық және аумақтық бірлестіктерінің төрағалары, кәсіпорындар басшылары, сарапшылар, ғылыми қызметкерлер және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
“Нұр Отан” партиясының бірінші орынбасары М.Әшімбаев өз сөзінде: “Мемлекет Басшысының жаңғырту жобасы елімізді әлемдік көшбасшылыққа шығарып, жер шарының ең дамыған мемлекеттерінің қатарында терезесі тең тұруға мүмкіндік береді. Ең басты міндет – дамыған 30 елдің қатарына ену шартты түрдегі міндет емес. Мұндағы нақты мақсат – қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін көтеру және xалықтың әл-ауқатын арттыру. Бұл үдерісте біздің өнеркәсіптік алыптарымыздың ролі зор. Мыңдаған қазақстандық отбастарының тұрмысының артуы олардың әлеуметтік жауапкершілігіне және кәсіпорындарымыздың одан әрі дамуына байланысты”,-деді.
Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Б. Әбдірайым: “мемлекеттік органдар тарапынан, жұмыс берушілер мен кәсіподақтардың жүргізіп отырған бақылауы мен қадағалауына қарамастан өндірісте жарақат алушылар мен жазатайым болғандардың орын алуы азаяр емес. Еңбек жөніндегі құзіретті органның мәліметі бойынша үстіміздегі жылдың 1 қарашасына дейін елімізде 1 231 адам зардап шегіп, оның 167 –і қайтыс болған”, – деп атап өтті.
Сондықтан жұмыс орындарында қауіпсіз ортаны қалыптастыру және кәсіби тәуекелділік деңгейін барынша азайту үшін еңбекті қорғау жөніндегі қоғамдық сана-сезімді қалыптастыру және еңбек қауіпсіздігі мен қорғау саласында үздік кәсіпорындар мен ұйымдарға қоғамдық қолдау көрсету жұмыстары қолға алынды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен әлеуметтік әріптестері – «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан Республикасы Жұмыс берушілер конфедерациясымен бірлескен «Еңбекті қорғаудағы профилактика мәдениетін бірге арттырамыз» екі жылдық республикалық акциясы бастау алды. Барлық аймақтарда “Қауіпсіз еңбек” өңірлік бағдарламалары жүзеге асырылуда.
Бүгінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қадағалауда қоғамдық бақылау аясында кәсіподақтардың бастамасымен құрылған 12 855 өндірістік кеңестердің құрамында 17 751 техникалық инспекторлар жұмыс істейді.
“Біздің мақсат – кәсіпорындарда жазатайым оқиғалардың нөлдік көрсеткішіне қол жеткізу және қауіпсіз еңбекті сақтау мәдениетін бірге арттыру”,- деп атап өтті ҚРКФ Төрағасы Б.Әбдірайым.
Форумда ҚР Кәсіподақтар федерациясының “2018 жылғы ең үздік техникалық инспекторы” республикалық байқауының лауреаттары мен дипломанттары марапатталды.
Форумның екінші бөлімі еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларға арналған тәжірибелік семинарлармен жалғасты.
.