Қазақстан кәсіподақтары еңбекті қорғау саласындағы халықаралық тәжірибені талқылады

11 желтоқсанда Астанада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Оқу орталығының ұйымдастыруымен Қазақстанның кәсіподақ ұйымдарының басшылары мен мамандары үшін «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы халықаралық тәжірибе» тақырыбында оқу семинары өтті.

Семинардың басты мақсаты кәсіпорындардағы бейінді мамандардың еңбекті қорғау саласындағы біліктіліктерін арттыруға негізделген.

Молдованың Кәсіподақтар ұлттық конфедерациясының Еңбек инспекториатының директоры Елена Каркилан семинарға қатысушыларға еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғаудың халықаралық тәжірибесін ұсынды және кәсіпорындарда жаңа технологияларды қолдану туралы айтты.

Шетелдік сарапшы өндірісте жұмысшылардың кәсіби ауруларының немесе оқыс жағдайлардың себебі болып табылатын лайықсыз еңбек шарттарының өзекті мәселелеріне тоқталды.

«Қазіргі заман талаптары кәсіподақтардың қызметі жұмыс орындарындағы құқықты қорғауға және күшейтуге бағытталуы тиістігін көрсетеді. ХЕҰ мәліметтері бойынша тиісті еңбек шарттарының болмауынан дүние жүзі бойынша күніне 6 400 адам жарақаттану және кәсіби аурулар салдарынан қайтыс болады. ХЕҰ Бас директоры 2017 жылғы қыркүйекте Сингапурда ХХІ Конгрестегі сөзінде 2015 жылы жұмыс орындарында зардап шегушілердің саны 2,3 млн. адамды құраса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 2,78 миллионға өскеніне алаңдаушылық білдірді. Көңілге қаяу түсіретін көрсеткіштер Молдова Республикасында да бар.  Жұмысшылардың денсаулығын қорғау мақсатында Молдова Республикасы ХЕҰ еңбек гигиенасы қызметтері туралы конвенциясын бекітуге ниет білдіруде. Толық құқылы мүше ретінде Еуропалық қауымдастықтың құрамына кіруге ұмтылу қадамы ұлттық заңнамаларды еуропалық заңнамалармен үйлестіру қажеттігін тудырды», – деді Елена Каркилан.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитетінің төрағасы С.Т.Дәулеталин мүше ұйымдар үшін ақысыз негізде қызмет көрсететін, кәсіби қауіптерді бағалауға арналған мини-зертханаларды құру бойынша Молдова тәжірибесіне қызығушылық танытты.

Өз сөзінде С.Дәулеталин Қазақстандағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғаудың өзекті мәселелері, соның ішінде көрсетілген саланың әл-ахуалы мен болашағы туралы айтты.

«Кәсіподақтар федерациясы кәсіби қауіптердің жоғары деңгейінің сақталып тұрғанын, кәсіпорындар мен ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерінің сақталуына қоғамдық және партиялық бақылау институтын нығайту қажеттігін атап көрсетеді. 2018 жылы 11 ай ішінде өндірісте зардап шегушілердің саны 1 231 адамды құрады, соның ішінде 167 адам қайтыс болды», – деп атап өтті кәсіподақ комитетінің басшысы.

Талқылау барысында тараптар халықаралық нормаларды ұлттық заңнамаға енгізу жеткіліксіз екендігін бірауыздан қолдады. Бұл қадам тәжірибеде дұрыс қолданылуы тиіс.

Қатысушылар еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды сақтау бойынша ұсыныстарға қызығушылық танытты.

Жалпы, қатысушылардың пікірі бойынша, іс-шара аясында құрылымды тәжірибе алмасу болды. Бұл, өз кезегінде, мәселелердің шешімін табуға көмектеседі және өндірістегі қауіптің төмендеуіне жәрдемдеседі.