Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауда кәсіподақтарға жүктелер жауапкершілік жүгі жоғары. Кәсіподақтар күші еңбек құқығы мен қызметкерлердің кепілдігін қамтамасыз етуге, еңбек заңнамасының нормаларын қатаң сақтауға бағытталған. Қазір жұмысқа қатысты мәселеге төрелік талап еткендер кәсіподақтар ұйымына бас тірейтіні ақиқат. Еңбек даулары қалай шешіліп жатыр? Кәсіподақ ұйымының ықпалы қандай? Оның қазіргі рөлі туралы «Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағамбетов тілшімізге талдап берді.
– Серік Сағитжанұлы, қазірде кәсіподақтар қозғалысының негізгі бағыты қандай?
– Әлемдік тәжірибеге қарасақ, кәсіподақтар қоғамда қозғаушы күш болған және солай қала береді. Кәсіподақтар қозғалысы елдегі әлеуметтік тұрақтылық пен азаматтық үйлесімді қамтамасыз етуге ықпал ететін сындарлы, конструктив күш ретінде анықталады. Кәсіподақ – жұмыс істейтін халықтың негізгі құқық қорғаушысы, жұмысшылардың құқықтарын жүзеге асыруға, олардың жұмыс жағдайын жақсартуға және жалақының тиісті деңгейін қамтамасыз етуге жәрдемдеседі. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Ұйымына қарай 20 қадам», «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламаларында әлеуметтік және еңбек қатынастарын жақсарту, жұмыссыздықты азайту, қоғамдағы кәсіподақтардың рөлін арттыру мәселелері нақтыланды. Кәсіподақ қозғалысының дамуына жаңа көзқарастар «Кәсіптік одақтар туралы» заңда анықталған. Кәсіподақтар қозғалысын жаңғыртуда Кәсіподақтар федерациясымен 2018-2019 жылдарға арналған жол картасы жасалды. Онда уақыт талабына сай, түрлі қиындықтарға жауап бере отырып, кәсіподақтар бірлігін нығайту, еңбек қатынастарын реттеудегі міндеттерді орындау, кәсіподақ көшбасшыларының жауапкершілігін арттыру бағыттары жетекшілікке алынған.
– Еңбек қатынастары бойынша қандай құзірет бар, еңбек дауларын шешудегі үлестеріңіз жайлы айтып өтсеңіз.
– Жаңа айтылған Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүше ұйымдарының қызметін реформалаудың және жаңғыртудың түпкілікті идеясының бірі – әлеуметтік әріптестікті жетілдіру. Елімізде жиырма жылдан аса әрекет етіп келе жатқан қызметкерлер, жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдардың арасындағы әлеуметтік әріптестік институты өміршеңдігін, өзектілігін көрсете алмаған десек болады. 2016 жылғы жаңа Еңбек кодексімен еңбек қатынастары ұжымдық-келісімдік қағидатқа айналды. Сондықтан жұмыскерлерді кәсіподақ қатарына тарту өзектілігі артты. Еңбек даулары әлеуметтік әріптестік жүйесіне сүйеніп шешілуі қажет. Еңбек заңнамалары жеке еңбек дауларын Келісу комиссиясы шеңберінде реттеуді қарастырады. Келісу комиссиясы құрамында міндетті түрде кәсіподақтар жұмыс істейді. Жалпы еңбек дауы көбіне жұмыс беруші мен жұмыскер арасында конструктив диалог тапшылығы, өзара міндеттердің орындалмауы, сондай-ақ еңбек қатынасында қатаң тәртіптің қалыптасуынан туындайды.
– Кәсіподақ даулардың шешілуіне, сот процестеріне қатыса ала ма?
– Еңбек қатынастары бойынша даулы мәселе сотқа жетіп жатса, процеске қатысуға құқымыз бар. Сотқа жүгінген жағдайда да Еңбек кодексіне сәйкес арызданушыдан Келісу комиссиясы шешімі сұралатынына назар аудару керек. Жағдай анықталған соң арызданушы азаматқа өз құқын қалай қорғауға болатыны түсіндіріледі, кәсіби медиаторларды да азаматтардың мәселесі шешілуіне қатыстыру қарастырылады. Жұмыс беруші мекеме басшылығымен сөйлесіп, істі сотқа дейін шешуге тырысамыз. Осы ретте мәселелерді сотқа дейін шешу мақсатында Татуластыру орталығы жұмысын бастағанын айта кетейін. Бұл жоба – Жоғарғы сот пен Кәсіподақтар федерациясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында, облыс әкімдігі қолдауымен жүзеге асырылып отырған әлеуметтік жоба. Татуластыру орталығы дау тараптарының қаржы жұмсамай, уақытын үнемдей отырып бітімге келтіру мақсатында жұмыс істейді. Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында «уақыт пен ресурстардың орынсыз шығынын талап ететін артық сот рәсімдері қысқаруы тиіс» деген болатын. Елбасы сот жүйесінің тиімділігімен қатар, халықтың қалтасындағы қаржыны үнемдеуді шегелеп тапсырды. Орталықтың ашылуы осы тапсырманы жүзеге асыру барысындағы бір жұмыс десек болады. – Заң шеңберінде шешімін табу үшін мәселелерді қарауда кәсіподақтардың өздері де құқықтық оқулар оқуы қажет шығар. Мекемелердегі кәсіподақ жұмысымен белсенділер негізгі жұмыстарына қосымша етіп айналысады емес пе, олардың бәрі заң мамандары емес қой?! – Дұрыс айтасыз, кәсіподақ белсенділерінің басым бөлігі, тіпті 100 пайызға жуығы десек болады, қоғамдық бастамада жұмыс істейді. Әрине, кәсіподақ мүшелерінің құқын қорғауда құқықтық сауаттың маңызы зор. Осы бағытта біз оқытуды үнемі жүргізіп отырамыз. Өткен жылы кәсіподақтар орталығымен жыл бойына 32 семинар өткізіліп, барлығы 1825 адам оқытылды. Кәсіподақтар федерациясы оқыту, зерттеу және дауларды шешу орталығымен бірлесе жыл басынан 6 семинар өткізіп, қатысушылар еңбек заңнамалары бойынша сертификат алды.
– Қоғамда кәсіподақтардың беделі әлсіздеу көрінеді. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Мүшелерінің санын қайтсе арттыруға болады?
– Кәсіподақ ұйымының беделін арттыруға күш салып жатырмыз. Кәсіподақтар федерациясы негізгі міндеті ретінде бұл бағытта қарқынды жұмыс істеп келеді. Іс-тәжірибелік мәселелерге орай федерация Кәсіптік одақтар туралы заңға, Еңбек кодексіне толықтырулар мен өзгерістер енгізуге ұсыныстар жасады. Биыл 3 қазанда Кәсіподақтар федерациясының кезектен тыс XXV съезінде «Тұрақты кәсіпорын – тұрақты қоғам – тұрақты ел!» ұраны қабылданды. Тұрақтылық – кез келген қоғамның басты құндылығы. Оны сақтаудағы кәсіподақтардың негізгі құқықтық құралы – ұжымдық шарт. Ол кез келген мекеме мен кәсіпорындарда болуы тиіс дегенімізбен, заңда міндетті деген сөз айтылмайды. Кәсіподақтардың тығырыққа тірелетін жері де – осы. Ұжымдық шарт – негізінен мекеме басшысы мен кәсіподақ мүшелері арасында екі-үш жылдық мерзімге жасалатын келісім. Еңбек адамының еңбек жағдайы, әлеуметтік қорғалуы, еңбек қауіпсіздігі тұрғысындағы заңнамаларда бар нормалармен қоса, жоғарылатылған, мүдделі бағыттар ұжымдық шарттарда орын алады. Қызылорда облысында 2014 жылы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен «Ұжымдық шарт жасаңыздар!» акциясы жүргізілген, қазірде облыс көлеміндегі мекемелердің 100 пайызы ұжымдық шартпен қамтылған. Облыс көлемінде 6005 мекеме мен кәсіпорынның ұжымдық шарттары тіркелген. Оның ішінде биыл мерзімі бітуіне байланысты қайта тіркелгені – 168, жаңадан жасалған ұжымдық шарттар саны – 1366. Осы жоғары көрсеткіш деңгейін тұрақты ұстау, келісімдердің сапасын арттыру, орындалуын бақылауды күшейтуде кәсіподақтар рөлі маңызын айтуға болады. Өйткені кәсіподақ ұйымы бар мекемелерде бұл мәселелерге ықпал ету механизмі жетіледі.
– Облыстағы кәсіподақтар тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталсақ.
– Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі қазірде облыс көлемінде 10 салалық кәсіподақ ұйымын, 90 мыңға жуық кәсіподақ мүшелерін біріктіреді. Жергілікті жерде жұмыс атқаратын салалық кәсіподақтар арасында биыл «Yntymaq орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалы жұмысын бастады. Бұл – қазірде басқа да салалық кәсіподақтармен қамтылмай қалған, заман ағымына қарай жаңа қарқында дамып келе жатқан жекеменшік нысандарды қамтуға, бизнестің сан түрлі ауқымды аудиториясын біріктіруге септігін тигізер нақты қадам. Жылдың бірінші тоқсанында Қызылорда облысының әкімдігі, Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығы және Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған облыстық келісім жасалып, әлеуметтік әріптестермен іс-шаралар бойынша міндеттемелер қабылданды. Облыста Өңірлік жедел штаб құрылды, кәсіподақ спикерлері штаб құрамында түсіндірме жұмыстарын атқаруға атсалысады. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен облыс әкімдігінің ресми сайтында кәсіподақтардың «Әлеуметтік әріптестік» айдары ашылып, ақпараттар жарияланып отырады. Кәсіподақтар ғимаратында «Сенім жәшігі» орналастырылып, аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен еңбек инспекциясының «Жедел желі» телефондары жұмыс істейді. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі бастамасымен әлеуметтік әріптестермен 11 мамыр 2018 жылы «Қауіпсіз еңбек» аймақтық бағдарламасы қабылданды, бағдарлама жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудағы құқықтарын бұзушылықты азайту, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардан сақтандыру жөніндегі шараларды қамтиды. Кәсіподақ ұйымын құру, кәсіподақ мүшелері қатарын көбейту бағытындағы жұмыстары күнделікті күн тәртібінде. Тікелей аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ауқымды жұмыстары нәтижесінде облыс көлеміндегі ірі мұнай компанияларының бірі – «Қуатамлонмұнай» біріккен кәсіпорны жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қызметкерлердің жергілікті кәсіподақ ұйымы құрылды. Қазірде кәсіподақ мүшелерінің саны 385-ке жетті, мекемеде жалпы 600-ге таяу қызметкерлер бар. Сол сияқты «Айданмұнай» АҚ-да кәсіподақ ұйымы жұмысын жандандыру бойынша, «Қорқыт Ата» әуежайы, «Автобус паркі» және басқа да мекемелерде кәсіподақ ұйымын құру бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді, нәтижесінде Автобус паркі ұжымы – кәсіподақ мүшелері, қалғаны да уақыт еншісінде. Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы және салалық кәсіподақтар ұйымдастыруымен 10 маусым – Қазақстан кәсіподақтары күніне орай «Кәсіподақтар жаңғыру жолында» ІІ облыстық Кәсіподақтар форумы өткен болатын. Форумның жұмыс алаңында «әл-Асад» ЖШС жұмыскерлерінен кәсіпкерлік нысандарында кәсіподақ ұйымын құру туралы ұсыныс білдіріліп, Үндеу жасалды. Қазірде бұл мекемеде де кәсіподақ ұйымы құрылып, жүзден аса кәсіподақ мүшесі тіркелді. Сонымен қатар форумда жастар мәселесі де көтеріліп, кәсіподақ жастарының жаңашыл идеялары жеткізілді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Миуа Байназарова
Толығырақ: https://aikyn.kz/2018/12/26/76519.html