Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Бас кеңесінің отырысы болып, онда 2018 жылдың жұмыс қорытындысы қаралды.
Алдымен елордалық «Татуласу орталығының» ашылуы болды. Бұл орталық еңбек және басқа да дауларды сот жүйесіне жеткізбей-ақ татуласу жолымен шешетін тиімді алаң.
Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары федерациясының бастамасымен жарық көрген «Кәсіподақтар: теория және практика» атты ғылыми монографияның тұсаукесері болды. Бұл тәуелсіз Қазақстандағы кәсіподақтардың қызметі мен мәртебесіне монографиялық зерттеу жүргізіп, елдегі және әлемдегі кәсіподақ қозғалысының құқықтық негізі мен жағдайына талдау жасаған тұңғыш кітап. Басылым авторларының Қазақстандағы әлеуметтік әріптестік пен кәсіподақ институтын дамыту жөнінде ұтымды ұсыныстары бар.
ҚРКФ төрағасы Бақытжан Әбдірайымның басшылығымен өткен мәжілісте еңбек ұжымдарындағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының ролін көтеру, еңбек заңдылығын сақтауға байланысты қоғамдық бақылауды күшейту, әлеуметтік-еңбек қарым-қатынстарын реттеу, сондай-ақ еңбек даулары мен кикілжіңдерін шешу және оның алдын алу іс-шаралары қаралды.
«Қазір кәсіподақ мүшелерінің қатары екі миллионға жетіп, еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйымға айналды. 22 салалық кәсіподақ, 16 аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, 18 000-нан астам бастауыш ұйым бар. Өткен жылдың өзінде 470 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, 35 мыңнан астам адам кәсіподақ қатарына қосылды» деді ҚРКФ жетекшісі.
Ол 2018 жыл еңбекті қорғау және қауіпсіздігі жылы болғанын еске салды.
Бақытжан Әбдірайым еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік әріптестермен бірге Қазақстанның барлық өңірлерінде «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы жүзеге асып, «Еңбекті қорғау саласында профилактика мәдениетін бірге көтереміз!» республикалық акциясы және «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясындағы еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» конкурсы өткенін айтты.
Әлеуметтік әріптестермен бірлесе жүргізген жұмыстың нәтижесінде 2017 жылмен салыстырғанда былтыр өндірістік жарақат 1678-ден 1568-ге немесе 6,6 пайызға, жұмыс жағдайында қайтыс болғандар 244-тен 216-ға немесе 11,5 пайызға азайды.
Сонымен бірге Қазақстандағы ірі және орта кәсіпорындарда өндірістік кеңестерді арттыру қажеттігі айтылды. Қазір олардың қатары – 1 233 немесе 13 пайыз ғана.
2018 жылы әлеуметтік әріптестермен бірлесе жүргізген кешенді жұмыстардың нәтижесінде 2017 жылмен салыстырғанда ұжымдық еңбек даулары 5-тен 2-ге дейін
немесе 2,5 есе азайған. Соңғы 5 жылдың ішінде еңбек кикілжіңдері 28-ден 2 фактіге дейін немесе 14 есе кеміген.
Кәсіподақтар федерациясы Қостанай облысының Тобыл жол станциясы мен Маңғыстау облысындағы «Oil Services Company» компаниясында еңбек дауларын ушықтырмай, алғашқы сәтте-ақ шешілді.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы мен Жоғары сот арасында өзара ынтымақтастыққа байланысты 2018 жылы жасалған Меморандум шеңберінде барлық аумақтық кәсіподақ бірлестіктерінде 17 «Татуласу орталығы» құрылған. Олар 2018 жылдың наурыз айынан бері 2140 медиациялық рәсім өткізді. Оның ішінде 980 еңбек дауының 872-сі медиациялық келісім арқылы, 108-і әңгімелесу түрінде шешілді.
Жұмысшылардың еңбек құқын тиімді қорғау үшін жасалатын ұжымдық келісім-шарт 2018 жылы 2017 жылмен салыстырғанда 77 750-ден 92 645-ге немесе 16,1 пайызға артқан. Дегенмен шағын бизнес саласында ұжымдық келісім-шартпен қамту төмен – 37,2 пайыз.
ҚРКФ 2018 жылдың 1 наурызынан бастап «Еңбек шартын жаса!» республикалық акциясын бастаған. Осы акция аясында еліміз бойынша 10 мыңнан астам жұмыс беруші 37 мың жұмысшымен еңбек шартын жасады.
Сонымен бірге Кәсіподақтар федерациясы табысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көтеру жөнінде мониторинг жүргізетін республикалық және аумақтық штабтардың жұмысына белсене қатысады. Қазіргі уақытта ұжымдық келісім-шартта қарастырылған разрядаралық коэффициенттер мен тарифтік мөлшерлемеге өзгерістер енгізу жөнінде жұмыс жүргізіліп отырғаны айтылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына төменгі еңбекақы мөлшеріне байланысты критерийлерді айқындау қажеттігі туралы мәселе қойылған. Сондай-ақ ауыр, зиянды және қауіпті еңбекпен айналысатын жұмысшылардың еңбекақысына байланысты бірыңғай жүйе қарастыру туралы да мәселе көтерген.
Кәсіподақтардың белсенді іс-қимылы арқасында 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің азық-түлік және азық-түлік емес бөлімінің арақатынасына байланысты өзгерістер енгізілді. Арақатынас 60 пайыз бен 40 пайыз еді, енді 55 пайыз бен 45 пайыз болды. Ақшалай есептегенде ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 15 пайызға, 24 459 теңгеден 28 284 теңгеге көбейді. Ал 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 17,7 пайызға көбейіп, 29 698 теңгеге жетті.
Еңбекақы қарыздарын төлеу кәсіподақтың ең басты айналысып отырған мәселелерінің бірі. Бұған алаңдаушылық білдіруінің себебі – еңбекақы қарыздарының 70 пайыздан астамы банкрот кәсіпорындар мен ұйымдарға тиесілі. Кәсіподақтар федерациясы «Банкроттық және реабилитация туралы» заңға өзгерістер енгізіп, барлық міндетті төлемдерден бұрын бірінші кезекте жұмысшылардың еңбекақы қарызы төленуі керек деген байлам жасап отыр.
Кәсіподақтар федерациясы Республика Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комииссияның, Парламент Мәжілісіндегі және мемлекеттік органдардағы әлеуметтік-экономикалық және жұмысшылардың еңбек құқы мәселелерімен айналысатын жұмыс топтары мен комиссиялардың жұмысына белсене қатысып келеді. Еңбек Кодексі мен «Кәсіптік одақтар туралы» заңды жетілдіру және Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстарын жүзеге асыру жөнінде Кәсіподақ федерациясы тиісті орындарға ұсыныс-тілектерін берді.
Сондай-ақ ҚР Үкіметіне өндірісте зардап шеккендерге өтемақы төлеу мәселесі жөнінде ұсыныс жасалды.
2019 жыл Қазақстанда жастар жылы болып жариялауына байланысты Кәсіподақтар федерациясы еңбек жастарының әлеуметтік және басқа да көкейкесті мәселелерін шешу мақсатына бағытталған бірнеше республикалық іс-шара өткізуді жоспарлап отыр.
2018 жылы Кәсіподақтар федерациясының өкілдері кәсіподақ қызметіне байланысты 32 халықаралық іс-шараға қатысты.
Әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссияның жұмыс сапасы мен деңгейін көтеру, өңірлік келісімдерді табысты жүзеге асыру, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының әлеуетін арттырып, лайықты еңбек жағдайларын жасау үшін биылғы жылды аймақтар Жылы деп жариялауға ұсыныс айтылды.
Мәжіліс соңында Бақытжан Әбдірайым еліміздегі барлық кәсіподақ бірлестіктерін халықтың мүддесі мен құқын қорғау жолында сындарлы ынтымақтастық пен біртұтас болуға шақырды.