Бүгін Тараз қаласында Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының қолдауымен, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлері кәсіподағының облыстық филиалының және «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің кәсіподағының облыстық филиалының ұйымдастырумен «Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің нормаларын және медиация туралы заңнамаларын зерделеу» тақырыбында ауқымды семинар-тренинг өтті.
Салааралық семинар-тренинг ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Оқыту орталығының жоспарына сәйкес өткізілді.
Жалпы осы 2 саладан қатысқан 50 кәсіподақ жетекшілеріне арнайы ұйымдартырылған оқыту семинарына Тараз қалалық сотының татуластыру шараларының үйлестірушісі, қалалық соттың судьясы- Ғазиза Камзиева және М.Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың заң факультеті деканының орынбасары, заң ғылымдарының кандидаты, еңбек құқықтарының эксперті- Анара Бекенова келіп лекция оқыды және өзекті сұрақтарға жауап берді.
Бір күнге созылған жиында облыстың барлық ауданынан келген бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері еңбек қатынастары, ұжымдық шарттың заңдық құқы, медиация және басқа да өздерін толғандырған мәселелер еркін пікір алысып, ҚР Кәсіподақтар Федерация басшылығының кісподақтар қозғалысын жаңғырту бағытындағы міндеттердін орындауға жан-жақты қолдау білдірді.
Семинардың ашылуында сөз сөйлеген Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М. Төлепберген жаңашылдықпен жұмыс істеудің талаптары мен міндеттерін баяндап, кәсіподақ белсенділерінің қызметін одан әрі жандандыруға байланысты Федерация басшылығы жүктеген тапсырмалардың әлеуметтік маңыздылығына тоқталды.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушыларға Оқыту орталығының сертификаттары тапсырылды.
Осындай пайдалы іс-шараға бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қолдау көсетіп, ҚРКФ-ның Оқыту орталығына өздерінің ризашылықтарын білдірді. алдағы уақытта тағы да ұйымдастыруды ұсынды.