Қызылорда облысының әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Қызылорда облысының әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Қазақстан Республикасы Президенті Н.А. Назарбаевтың Бес әлеуметтік бастамасын, «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Қазақстан халқына жолдауын жүзеге асыруда Қызылорда облысы әкімдігі мен «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумның талаптарына сәйкес екі тарап әлеуметтік бастамаларды, оның ішінде еңбек жағдайларын жақсарту, жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау, еңбек дауларын болдырмауға және шешуге, Еңбек заңнамасының сақталуын, жұмыскерлерге лайықты еңбек ақысын төлеуді, жұмысқа орналасуды және еңбек қатынастарын ресімдеуді қамтамасыз ету мәселелерін қадағалауды жүзеге асырады.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев: «Облыста жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек жағдайының жақсаруына, еңбек қатынасын реттеуде өткен жылы аймақта әлеуметтік әріптестік аясында кешенді жұмыстар жүргізілді. Еңбек мекемелеріндегі жұмысшылардың әл-ауқатын арттыруда кәсіподақтардың орны ерекше» деп атап өтті.

ҚРКФ төрағасы Б.Әбдірайым өз сөзінде: «Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігін жақсарту үшін мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың алдына нақты міндеттер қойды. Оның ішіндегі ең басты міндеттің бірі – жұмыс орындарын сақтау және халықты жұмыспен қамту. Бұл міндетті орындауға Қызылорда облысының мүмкіндігі мен әлеуеті жетеді деп ойлаймын. Өйткені Сыр өңірінің өндірісі өркендеп, мұнай-газ саласы дамып, ауыл шаруашылығы алға басып келеді. Осы мақсатта енді Қызылорда облысы әкімдігімен де Меморандумға қол қойғалы отырмыз»,-деді.

Сонымен қатар Федерация Төрағасы Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығында облыстық салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының төрағаларымен кездесті. Қазіргі таңда облыстың аумақтық кәсіподақтар бірлестігі 11 салалық, 1017 кәсіподақ ұйымдарын, 93 723 кәсіподақ мүшелерін біріктіреді. Кездесуде кәсіподақ жетекшілері еңбек жағдайын жақсарту, жалақыны көтеру, Еңбек кодексіндегі ұжымдық шарттың кейбір ережелеріне өзгерістер енгізу мәселесіне қатысты ұсыныстарын қойды.