ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен Түркістан облысының әкімдігі арасында әлеуметтік әріптестік орнатылды

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың “ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ: ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ” атты Қазақстан халқына Жолдауында қойған міндеттерді іске асыруда жұмыспен қамтылуға тартылатын азаматтардың еңбек қүқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында бүгін Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Б. Әбдірайым мен Түркістан облысының әкімі Ж. Түймебаев өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

“Елбасы халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту туралы міндет қойып отырғандықтан, кәсіподақ бұл мәселені қатаң қадағалайды. Түркістан облысында кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындар мен ұйымдар саны артып келеді. Осы мақсатта жергілікті атқарушы билікпен жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесінің дамуына ықпал етуге бағытталған іс-шараларды бірлесе жүргізуге келісім жасап отырмыз” – деді Б. Әбдірайым.

Облыс басшысы Ж. Түймебаев: “Еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамытып, халық мүддесі мен игілігі жолында кәсіподақтармен жұмыла жұмыс істеуді қолдаймыз”, – деп лебізін білдірді.