Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайымның Қызылорда облысындағы жұмыс сапары «ҚуатАмлонМұнай» біріккен кәсіпорыны жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жалғасты. Мұнай компаниясының басшылары мен кәсіподақ белсенділері жиналған кездесуде Федерация Төрағасы кәсіподақ ұйымы жұмыстарының қағидаттары мен ерекшеліктері жайлы сөз қозғады.
Кездесу барысында жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы еңбек-әлеуметтік қатынастары мәселелері талқыланды.
Алдымен «ҚуатАмлонМұнай» БК ЖШС-нің Бас директорының орынбасары Жанг Лимин мұнай компаниясының еңбек жағдайы туралы баяндап берді. Оның айтуынша: «Бүгінгі күні компанияда барлығы 570 адам еңбек етеді. Соңғы жылдары мұнай өндіру көлемінің азаюына байланысты қаржы дағдарысы орын алған. Қазіргі таңдағы ахуалды орташа деңгейде екенін айта келе, барлық қиыншылықтарға қарамастан 2018 жылы жұмысшылардың жалақысын өсірген. Атап айтқанда «Қоныс» және «Бектас» кенішіндегі мұнайшылардың жалақысын 15 пайызға және Қызылорда, Алматы және Астана қаласындағы кеңселеріндегі қызметкерлердің жалақысын 7 пайызға көтерген. Одан басқа отбасында қиын жағдайларға душар болған жұмысшыларға, жаңа туған балаға, т.б жағдайларда әлеуметтік көмектер беріп келеді. Кәсіподақ бұл ұжым мен басшылықты байланыстыратын көпір сияқты. Біз кәсіподақты осы уақытқа дейін де қолдап келеміз, алдағы уақытта да қолдаймыз»,- деп Жанг Лимин атап өтті.
Бірақ бір жыл бұрын құрылған «ҚуатАмлонМұнай» БК ЖШС қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» мен компания басшылығы арасында әзірге әлеуметтік серіктестік жағдайында жұмыс жасау өз деңгейіне жете қойған жоқ. Аталған кәсіподақтың төрағасы А. Сарбалақов мәлімдегендей: “Алғашында кәсіподаққа 380 адам кірген. Кейін бір айдан соң олардың тең жартысы шығып кеткен. Кездесуде сөз алған мұнайшы жұмысшылар бұл жағдайды «сырт» жақтан қысым көрсеткен факторлардың ықпалынан” дейді. Кәсіподақ пен компания басшылығының етене араласуына кедергілер жасалған.
Мән-жайды тыңдаған ҚРКФ Төрағасы Бақытжан Әбдірайым қорыта келе: “Компания басшылығы мен кәсіподағы арасындағы жұмысты жүйелендіруге, еңбек кодексінің заңдылықтарын сақтауға ұсыныстар жасауға, жаңа кәсіподақтың қызметін жандандыруға жергілікті, салалық кәсіподақ мамандарының кеңесін алуға, жұмысшылардың мүддесін қорғайтын өзекті мәселелерді екі жақты шешу үшін тығыз байланыста болып ортақ мәмілеге келуге шақырды”.