“Келешектің” кезекті отырысы өтті

13 наурыз күні Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының жанындағы «Келешек» жастар ісі жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Кеңес төрайымы А.Жақсығалиева кеңес отырысының күн тәртібінде қаралатын мәселелерді кеңес мүшелерімен ортақ талқылап, олардың пікірлерін, ұсыныстары мен ескертулерін тыңдады.

Кеңес мүшелері 2019 жылға жоспарланған шараларды жүзеге асыру жолдарымен бөлісіп, кәсіподақ жастары арасында алдағы ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесіне орай ұлттық және зияттық ойындарды ұйымдастыру мақсатында өз міндеттерін айқындады. Сонымен қатар, облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткізілетін ағылшын тілін оқыту курстарына кәсіподақ жастарын тарту, оқу барысын ұйымдастыру сұрақтарын талқылады.

Жастар жылының аясында жастарды бизнес негіздеріне тәрбиелеу, әлеуметтік бизнесті дамыту бағытында кәсіподақ жастарын Халықаралық қайта құру және даму банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы – «Jas Project» жастар корпусын дамыту жобасымен таныстыру мақсатында жобаның өкілі Ә.Берікқалиев шақырылды. Ә.Берікқалиев жобаны өткізудің мақсат, міндеттері, оны жүзеге асыру жолдары туралы баяндап, кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.

Сонымен бірге, кеңес мүшесі «№5 қалалық емхана» ШЖҚ МКК салауатты өмір салтын ұстану дәрігері А.А.Байгудеев кәсіподақ жастарын туберкулез ауруының алғашқы белгілері және оның алдын алу жолдарымен таныстырып өтті.

Кеңес мүшелері кәсіподақ жастарының жан-жақты дамуы, заман талабына сай болуы, бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыру мақсатында күн тәртібінде қаралған, жоғарыда аталған мерекелік шараға, ағылшын тілі курстарына, жастар корпусын дамыту жобасына өз мекемелеріндегі кәсіподақ жастарын тарту және салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін жұқпалы аурулардан сақтандыру шараларын насихаттау бойынша жұмыстар жүргізу туралы шешімге келді.