Almaty-akshamy, “Мақсатымыз – жергілікті жердегі еңбек ұжымдарымен тікелей байланыста жұмыс істеу”

МАҚСАТЫМЫЗ – ЖЕРГІЛІКТІ ЖЕРДЕГІ ЕҢБЕК ҰЖЫМДАРЫМЕН ТІКЕЛЕЙ БАЙЛАНЫСТА ЖҰМЫС ІСТЕУ

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кәсіподақтар федерациясы және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге 2019 жылды да еңбек қауіпсіздігі және қорғау жылы деп жариялады

Жұмысшының мүддесі мен құқығы тапталған кезде оларды заң жүзінде қорғайтын жалғыз ұйым – кәсіподақ. Еңбек туралы заңнамалардың орындалуына да қоғамдық бақылау жасайтын – кәсіподақ. Әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктер көзделген келісімдер, ұжымдық шарттар жасап, оның орындалуын қадағалайтын да әзірге осы ұйым.

Кәсіподақ бұдан басқа қандай жұмыстармен айналысып отыр? Болашақ жоспарлары қандай? Кәсіподақ жүйесінде жаңғыру мен жаңару бар ма? Билік тармақтары және басқа да қоғамдық ұйымдармен қарым-қатынасы қандай? Осындай сауалдарға жауап алу үшін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары  Біржан Бидайбекұлы НҰРЫМБЕТОВ мырзаға жолыққан едік.

 

Кәсіподақ – жұмысшылардың мүддесі мен құқын қорғайтын ұйым

– Біржан Бидайбекұлы, қарапайым еңбек адамы үшін жұмыс орнының сақталуы маңызды. Кәсіподақтар да бұл мәселеге жіті көңіл бөлетіні хақ. Осы орайда Алматы қаласының аумақтық кәсіподақтар бір­лестігі әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, жұмыс орындарын сақтау және қысқартуға жол бермеу мақсатында қандай шаралар қолдануда?

– Кәсіпорындарда жұмыс орын­дарын сақтап қалу мақсатында бүгінде Алматы қаласында әкімдік, кәсіп­орын­дар және кәсіподақтар арасында өзара ынтымақ­тастық туралы 26416  мемо­рандум бекі­тіл­ген. Бұл қаланың кәсіп­орындарының 42,2% қамтиды. Ал республика бойынша – 115 мың кәсіпорын, пайыздық көрсеткіші – 68,1%.

2018 жылғы 27 наурызда Алматы қаласының әкімдігі, «Алматы кәсіп­одақтар одағы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, «Алматы қаласының кәсіп­одақтар орта­лығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, Алматы қаласының кәсіп­керлер палатасы арасында 2018–2020 жылдарға арналған келісімге қол қойылды. Осы келісім ая­сында әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынас­тарын реттеу мәсе­лелеріне баса назар аударылуда.

2019 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойын­ша республика бойынша 97 669 ұжымдық шарт бекітіліп, 40,0% кәсіпорын қамтыл­ған. Бұл ретте Алматы қаласында 13 276 ұжымдық шарт қана бекітілген, бұл деге­німіз, қаланың 67 743 кә­сіпорын­дарының 19,6%-да ұжымдық шарт жасауға қол жет­кізілгенін көрсетеді. Алматы қаласының кәсіподақтар орталығы еңбекақы бойынша қарызды азайту мәселесін де жіті бақылауда ұстайды.

– Елбасы «Кәсіподақ қоғамдағы жаң­ғыр­тудың қозғаушы күші болуы тиіс» деген болатын. Осы міндетті орындауда кәсіподақ ұйымы қандай іс-шараларды қолға алып отыр?

– Өз міндеттерін белсенді атқаруға кәсіподақтардың мүмкіндігі толығымен жетеді. Біз жыл басында кәсіподақты жаңғыртудың Жол картасын жасаған болатынбыз. Соған сәйкес жұмыстар кешенді түрде жүргізіліп келеді. Айтар­лықтай жетістіктер де бар. Оған кәсіподақ қана емес, әлеуметтік әріптестер де лайықты үлесін қосып отыр.

Кәсіподақ – жұмысшылардың мүддесі мен құқын қорғайтын ұйым. Сондықтан негізгі мақсатымыз – жергілікті жердегі еңбек ұжымдарымен тікелей байланыста жұмыс істеу. Өйткені, еңбек адамдарының және кәсіподақ қозғалысының тыныс-тіршілігін олардан артық ешкім білмейді.

Қазір біздің Кәсіподақтар федера­ция­сының мүше­лерінің қатары  екі мил­лионға жетіп, еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйымға  ай­налды.  Федерация құрамында 22 сала­лық кәсіподақ, 16 аумақтық  кәсіподақтар бір­лестігі, 18 мыңнан астам бастауыш ұйым­дар  бар. Өткен  жылдың өзінде 470  жаңа бас­тауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, 35 мың­нан астам адам кәсіподақ қатарына қосылды.

Біздің мақсат – бастауыш ұйымдардың беделі мен абыройын көтеру  арқылы жергілікті кәсіпорындардағы жұмысшы­ларды осы ұйымның аясына шоғырлан­дыру. Кәсіподақ олардың құқы мен мүддесін мүлтіксіз қорғайтын қуатты ұйым болуы қажет. Бастауыш кәсіподақ ұйым­дарының жетекшілері жұмыс беру­шілер­мен терезесі тең дәрежеде сөйлесіп, туын­даған еңбек және әлеуметтік мәселелерді ушықтырмай, жергілікті жерде шеше алатындай білікті болуы тиіс. Бір сөзбен айтқанда,  олар  жан-жақты білімді, іскер бол­ғанда ғана еңбек адамдары оның жанына топтасып, жұмыс берушілер  де онымен санасатын болады.

 

Кә­сіподақ мүше­лерінің 32 пайыздан астамы – жастар

– Олардың ішінде жастар бар ма? Жалпы, жастардың кәсіподақ қозғалысына ықылас-пейілі қандай?

– Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялағаны белгілі. Біз кәсіподақ институтын ары қарай табысты жалғастыратын жастарға жол беруіміз керек. Өйткені, Қазақстанда кәсіподақтың келешегі кемел. Жастардың кәсіподақты қазіргіден де жоғары деңгейге жет­кізетініне кәміл сенімдімін.

Бүгінгі күні республика бойынша кә­сіподақ мүше­лерінің 32  пайыздан астамы – жастар. Барлық аймақта Жастар кеңесі бар. Олар кәсіподақ қозғалысын одан әрі да­мыту жайын жан-жақты талқылап, жас­тар­ға қатысты идеялар мен жобаларды ұсы­нып, кәсіподақ жұмысына белсенді қаты­сады.

2018 жылы жігерлі жастардың ұйтқы болуымен бірнеше іс-шара өткізілді. Соның ішінде қыркүйек айында Меркіде өткен еңбек жастары форумының орны ерекше. Форумның негізгі мақсаты – ең­бек мамандықтарын асқақтату, қарапайым еңбек адамдарының мәртебесін көтеру, еңбек жастарының әлеуметтік мәселе­лерін жақ­сарту. Оған 200-ден астам жас қатысты. Республиканың барлық аймақ­тары мен экономиканың түрлі салала­рындағы белсенді жас кәсіподақ жетек­шілері осылайша бірінші рет бас қосты.

 

Халықаралық ынтымақтастық – кәсіподақтың  басым бағыттарының бірі

– Қазақстан кәсіподақ ұйымдарының  шетелдік әріптестермен байланысы мен қарым-қатынасы қандай? Тәжірибе мен үйрену бағытында барыс-келіс бар шығар?

– Халықаралық ынтымақтастық – кәсіподақтың  басым бағыттарының бірі. Кәсіподақ өкілдері  2018 жылы  32 халық­аралық іс-шараға қатысты. Кәсіподақтар федерациясы бір жыл ішінде халықаралық кәсіподақтар ұйымдарымен 10 кездесу өткізіп, Түркия мен Арменияның кәсіп­одақ бірлестіктерімен өзара ынтымақ­тастық түралы келісімдерге қол қойылды.

Биыл да халықаралық байланыс бойын­ша негізгі бағыттарымызды айқын­дадық. Маңызды іс-шаралардың бірі – «Еңбек-әлеуметтік қарым-қатынасты рет­теуде кәсіподақтардың рөлі: даму тәжірибесі мен келешегі. Шығыс пен Батыстың диа­логы» деген тақырыпта өтетін халықаралық конференция.

Халықаралық Еңбек Ұйымының 100 жыл­дығына арналып осы жылдың наурыз айында Халықаралық Еңбек Қорымен бірге «Өндірістік қарым-қатынас, еңбек және әлеуметтік қамтамасыз ету» тақырыбында халықаралық семинар өтеді. Оған  Орталық Азия елдерінен Қырғыз­стан, Өзбекстан, Тәжікстан, сондай-ақ, Беларусь, Молдова, Моңғолия мен Түркия мемлекеттері кәсіподақтарының өкілдері қатысады.

– Біржан Бидайбекұлы, соңғы сұрақ, өткен жылы бұқаралық ақпарат құралдары «Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық кәсіподақтар конфедерация мүшелігінен шықты» деп жарыса жазды. Осының анық-қанығын білгіміз келеді?

– Кәсіподақтардың халықаралық кон­федерациясының Жарғысына сәйкес, мүшелікті тоқтату немесе мүшеліктен шығу мәселесін шешу оның жоғары органдары – Бас кеңес пен Конгрестің құзыретіне жата­ды. Бұл мәселені Халықаралық конфе­де­рация өз бетінше шеше алмайды. Рас, өткен жыл­дың қараша айында Ха­лықаралық конфеде­рацияның европалық аймақтық кеңесі Қазақстан Кәсіподақтар федерация­сының Халықаралық конфеде­ра­цияға мүшелігін тоқтату жөнінде бастама көтерген еді. Олардың бұл бастамасы бойынша 2018 жылғы 2 желтоқсан күні  Халықаралық кон­федерациясы Бас кеңе­сінің отырысы өтті.  Бірақ онда ешқандай шешім қабыл­данған жоқ. Сондықтан бүгінде Қазақстан Рес­публикасының Кәсіподақтар федера­циясы Халықаралық кәсіподақтар конфе­дера­циясының  (Іnternatіonal Trade Unіon Confederatіon, ІTUC) мүшесі болып табы­лады.

– Әңгімеңізге рахмет. Жұмыс­тарыңыз жемісті бола берсін!

 

Әңгімелескен –

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.