Халықаралық ынтымақтастықты дамыту және нығайту – Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы қызметінің негізгі бағыттарының бірі.
Осы орайда, бүгін ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым Ф.Эберт атындағы Қордың делегациясымен кездесу өткізді. Делегация құрамында аталған Қордың Шығыс Еуропа елдері бойынша топ жетекшісі Соня Ширмбек, Қазақстан және Өзбекстандағы аймақтық директоры Кристоф Мор, сонымен бірге, Нұр-Сұлтан қаласындағы бюро жетекшісі Зәуреш Шутова болды.
Сондай-ақ, кездесуге Қордың Қазақстан және Өзбекстандағы бұрынғы аймақтық директоры Хенриетте Кифер де қатысты. Х.Кифер Қазақстандағы қызметін биыл аяқтаған болатын.
Бақытжан Әбдірайым шетелдік әріптестердің ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен Эберт атындағы Қор арасындағы табысты және сындарлы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін өз алғысын білдірді.
ҚРКФ Төрағасы өзінің сөзінде еңбеккерлерге берілетін кепілдеме мен еңбек саласындағы әлеуметтік диалогты нығайтуға, әлеуметтік-еңбек қатынастарын жетілдіруге, сонымен қатар, еңбек дауларын реттеудегі кәсіподақ ұйымдарының рөлін арттыруға бағытталған халықаралық әріптестіктің маңыздылығына тоқталып өтті.
Бақытжан Әбдірайым, сонымен қатар, Қазақстан кәсіподақтары үшін ағымдағы жыл Халықаралық еңбек ұйымының 100 жылдығымен тұспа-тұс келуімен ерекшеленетіндігіне тоқталды. Мәселен, жуырда Алматы қаласында Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Малайзия, Молдова, Монғолия, Тәжікстан, Түркия, Түркіменстан, Өзбекстан және Жапония кәсіподақтары делегаттарының қатысуымен Халықаралық еңбек ұйымының 100 жылдығына арналған «Кәсіподақтардың әлеуметтік-еңбек қатынастарындағы рөлі. Шығыс пен Батыстың диалогы»» халықаралық конференциясы жоғары дәрежеде өткізілді. Конференцияның күн тәртібінде талқыланған мәселелердің өзектілігі де аталып өтілді.
ҚРКФ Төрағасы шетелдік әріптестерге қазақстандық кәсіподақтардың әлеуметтік әріптестікті дамыту, еңбек заңнамасын жетілдіру, еңбек саласындағы әлеуметтік диалогты нығайту саласындағы бастамалары туралы мәлімдеді.
Кездесу барысында екіжақты әріптестік аясында жұмысшылар мен жұмыс берушілердің құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбек дауларын шешу, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, әлеуметтік стандарттарды кезең-кезеңімен жақсарту бойынша бірлесіп өткізілген оқыту шараларының маңыздылығы турасында әңгіме болды.
Қор өкілдері Қазақстанның кәсіподақ қозғалысының бастамаларына жоғары баға беріп, өзара ынтымақтастықты әлі де нығайта түсуге ниеттерін білдірді. Осы тұрғыда бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеу мәселесі қолға алынады.