Нарықтық экономикаға көшкелі еңбек қатынастарына байланысты өзекті мәселелер туындады. Әсіресе, жекенің қолына өткен кәсіпорындардың қожайындары еңбек адамдарының құқы мен мүддесіне қарама-қайшы келетін іс-әрекеттерге бара бастады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы бұған дейін де мәселе көтерген еді. Сейсенбі күні жаңадан жасақталған Үкіметтің кезекті отырысында еңбек қатынастарын реттеу мәселесі тағы да қозғалды. Бұл жайында Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым барлық жайды жайып салды.
Ең басты толғандырып отырған мәселенің бірі – ұжымдық шарт. Бұл – жұмысшылардың мүддесін қорғайтын және әлеуметтік әділдік принциптерін сақтайтын негізгі құрал. Бірақ осыған еліміздегі көптеген өндіріс орындарының басшылары жеткілікті мән беріп отырған жоқ.
Бүгінгі таңда кәсіпорындар мен ұйымдардың 40 пайызы ғана ұжымдық шартпен қамтылған. Бұл аз, әрине. Ұжымдық шарт жасалмаған жерде жұмысшылардың заңды еңбек құқықтары мен мүддесін қорғау мүмкін емес.
Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта кейбір өңірлерде ұжымдық шарттар санының өсу динамикасы байқалады. Мұны бір ғана Алматы қаласынан көруге болады. Мұнда өткен жылы ғана бекітілген шарттардың үлесі 4-тен 19 пайызға артты.
Соған қарамастан, еліміз бойынша бұл мәселе толық шешімін таппай отыр. Бұл мәселені оңтайлы және жүйелі жүргізудің бірден-бір жолы – үшжақты комиссиялардың жұмысын жандандыру қажет. Мұндай комиссия барлық облыста бар. Сол үшжақты комиссиялардың мәжілістерінде ұжымдық шарттар бойынша мәселені тұрақты түрде қарауға қол жететін болса, іс алға басар еді. Кәсіподақ федерациясы төрағасының Үкімет мүшелеріне айтқан бірінші ұсынысы осы.
Бақытжан Әбдірайымның екінші айтқан мәселесі – еңбекақы. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес соңғы жарты жылда еңбекақыны арттыруға қатысты екі рет шешім қабылданған. Жылдың басынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге өсті. Ал шілде айынан бастап бюджет саласы қызметкерлерінің табысы көтерілмек.
Әлі де болса еңбекақысы төмен салалар бар. Мәселен, ауыл және орман шаруашылығында, басқа да бірқатар салада жұмысшылардың еңбекақысы әлі де төмен.
Сондықтан Кәсіподақ федерациясының төрағасы кәсіпорын басшыларын, бизнес-қауымдастықты, жергілікті атқару органдарын жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақыларын сатылы түрде арттыруға шақырды.
Қазір Үкімет бюджет саласындағы табыс деңгейін арттыруды қолға алып жатыр. «Осы ретте халықтың әл-ауқатының әлеуметтік стандарттарын арттыруға қатысты Елбасы қойған міндеттерді ескере отырып, Үкіметке бюджет саласындағы базалық лауазымдық қызметақыны ең төменгі жалақыға кезеңімен ауыстыру мүмкіндігін қарастыру қажет», – деді кәсіподақ жетекшісі.
Елімізде жұмысшыларға еңбекақы бойынша қарыздар ұжымдар да аз емес. Жұмысшылар мен қызметкерлер ақ-адал еңбек етеді, бірақ маңдай терімен тапқан табысын ала алмайды. Осыған байланысты еңбек адамдарының құқығы бұзылып, наразылығы туындайды.
Бұл мәселеде заң солқылдақ. Пәрменді емес. Мұны халық қалаулылары да жақсы біледі.Таяуда Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты еңбек қарызын реттеу жөніндегі заң жобасын әзірлеу туралы бастама көтерген. Бұл жоба еңбеккерлерді толғандырып отырған нақты мәселелерді шешуге бағытталған. «Осы бастаманы қолдауды және жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқықтарын шектейтін заңнамалық актілерге мораторий жариялау мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз», – деді Кәсіподақ федерациясының басшысы.
Халықаралық еңбек ұйымының дерегі бойынша, әлемде өндірістік жарақаттану жүрек ауруы мен онкологиядан кейінгі үшінші орында тұр. Біздің елде өндірістік жарақаттану деңгейі біршама төмендегеніне қарамастан, еңбек қауіпсіздігі бойынша жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Ресми дерек бойынша 2018 жылы ғана 1568 адам өндірісте жарақат алған. Оның 300-ге жуығы – әйел. Жыл сайын 200-ден астам адам мерт болады.
Ал, зардап шеккендерге төленетін өтемақының көлемі де миллиардтап өсуде. Мұндай шығын бүгінде әлем бойынша мемлекеттің ішкі жалпы өнімінің 10-15 пайызын құрап отыр.
«Осыған байланысты, Еңбек министрлігі ұсынған шараларды қолдауды және еңбек қауіпсіздігін жақсы қамтамасыз еткен кәсіпорындарды ынталандыру жолдарын әзірлеуді ұсынамыз. Осы бағытта Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше – дамыған мемлекеттер қолданып отырған «Vision Zero» – «нөлдік жарақаттанушылық» тәжірибесін зерделеп, қолданысқа енгізу қажет», – деді Б.Әбдірайым.
Тағы бір мәселе – халықаралық қарым-қатынас. Бұл бағытта Кәсіподақтар федерациясы белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының 24 конвенциясын бекіткен. Бұл – басқа елдермен салыстырғанда, төмен көрсеткіш. Жақында Халықаралық еңбек ұйымы арнайы үндеу тастап, барлық елдердің үкіметтерін биылғы жылы, кем дегенде, бір конвенцияны бекітуге шақырған болатын.
«Осы тұрғыда біз Үкіметке бес конвенцияны ратификациялау мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс бергенбіз. Сіздерден осы бастаманы қолдап, бірлескен жұмысты бастап кетуді сұраймыз», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Ғалым ОМАРХАН
http://economics.kazgazeta.kz/?p=26320