«Синопэк Қазақстан ХМСК» ЖШС АҚ еңбеккерлері жұмыс берушіден 2019-2022 жылдарға арналған ұжымдық шартқа қол қою және еңбекақыны 30%-ға арттыру мәселелерін талап ету жөнінде бастауыш кәсіподақ ұйымына жүгінді.
Компанияның бастауыш кәсіподақ ұйымының бастамасымен Ақтөбе облысы Кәсіподақ орталығының, облыс әкімі орынбасарының, Еңбек инспекциясы басқармасы басшысының қатысуымен жұмысшылар мен жұмыс беруші арасында келіссөз өткізілді. Сонымен қатар, мәселені шұғыл шешу үшін Облыс әкімімен кездесу ұйымдастырылды.
Келіссөздер нәтижесінде жұмысшылар талаптарының орынды екені мойындалды, кәсіподақтардың келтірген дәлелдері қолдау тапты. Бұрғылау шеберлерінің еңбекақы мөлшерін 15%-ға, ал бұрғылау шебері көмекшілерінің еңбекақысын 20%-ға арттыру туралы шешім қабылданды.
Кәсіподақтар мен әлеуметтік әріптестердің біріккен іс-қимылдарының арқасында жұмысшылардың құқықтары қорғалды, даулы жағдай шұғыл түрде реттеліп, еңбек ұжымындағы әлеуметтік шиеленісушілік оң шешімін тапты.