Бүгін, 2019 жылдың 12 сәуірінде Нұр-Сұлтан қаласы кәсіподақтар орталығы және эксперттік кездесу өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өткізу туралы шешімін қолдады.
Нұр-Сұлтан қаласы кәсіподақтар орталығы, кәсіптік одақтар өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми қауымдастық-эксперттер қоғамдастықтарымен бірлесе отыра, «Қазақстан Республикасында кезектен тыс Президенттік сайлау – 2019» атты эксперттік кездесуді өткізді.
Жиынды Нұр-Сұлтан қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Тастанбек Құтжанұлы Есентаев өзі бастап, сөз кезегін жиналған қалың жұртқа ұсынып отырды.
Мәжіліс отырысына қала әкімдігінің, елордалық кәсіподақтар орталығының, ғылыми қоғамдастықтардың, үкіметтік емес, салалық кәсіподақ бірлестіктерінің және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қатысты.
Эксперттік кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысының еліміздегі барлық әлеуметтік жауапкершілігі жоғары, жасампаз күштерді Қазақстан Республикасында барлық халықаралық нормалар мен стандарттарға сай әділ де ашық сайлау өткізуге қолдау көрсету туралы мәлімдемесіне бірауыздан қолдау көрсетті.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз етіп, алға басу үшін әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін айқындық қажеттігін атап өтті. Оның үстіне, әлемдегі ахуал бұлыңғыр болып тұр. Бұл Отанымыздың қауіпсіздігіне сын-қатер әкелуі мүмкін. Ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыруымыз керектігін жеткізді.
Күн сайын құбылып отырған әлемдік процестердің әсерін ашық ақпараттық кеңістіктен байқап отырмыз. Осы ретте еліміздің жас әрі қалыптасқан мемлекет ретінде орнығуын ескеріп, азаматтық қоғам институттары қоғамды алға жылжыту жауапкершілігін өздеріне ала білді.
Бүгінгі кездесудің де мақсаты кәсіптік одақтар, үкіметтік емес ұйымдар, ғылыми қауымдастық-эксперттердің азаматтық қоғамды дамыту саласындағы өзара іс-қимылдарына сайлау процесінің артықшылықтарын айқындау болып отыр.
Нұр-Сұлтан қаласы кәсіподақтар орталығы және барша аталған эксперттік кездесу жетекшілері Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын қолдайды.
Жиналыс қызықты пікір-таластармен жалғасып, естелік фотосуретпен аяқталды.