Шымкентте қауіпсіз еңбек туралы семинар-кеңес өтті

«Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен Шымкент қалалық әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығында 28-СӘУІР ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ЕҢБЕК ҚОРҒАУ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН «ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ» ТАҚЫРЫБЫНДА СЕМИНАР-КЕҢЕС өткізілді.

Семинар-кеңеске Түркістан облысының және Шымкент қаласының қала, аудан әкімдіктерінің қызметкерлері, басқарма, дербес бөлім басшылары, кадр саласына жауапты қызметкерлер мен заңгерлер, аудандық кәсіподақ комитеттерінің төрағалары, медиаторлар, мемлекеттік және жекеменшік кәсіпорындар мен мекемелердің басшылары, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары және еңбек қауіпсіздігіне жауапты мамандары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, жалпы 110 адам қатысты.

Семинар қатысушыларына кәсіподақ дайындаған арнайы роликтер көрсетіліп, күн тәртібіне сәйкес семинарда «Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бекжанов Берік Айдарбекұлы, Шымкент қаласының еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының басшысы Бауыржан Ахметәліұлы Қалжанов, «Тәжірибелі заңгерлердің ұлттық орталығы» және «Медиацияны дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша өкілдігінің директоры Лаура Мұратқызы Ақшегірова баяндамалар мен хабарламалар жасады.

Жасалған хабарламаларда еңбек қатынастарын реттеу, ұжымдық және еңбек шарттарын жасасу, еңбек қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, өндірістік жазатайым оқиғалардың алдын алу, жалақы қарыздарын болдырмау, дауларды шешу, медиация жұмыстарын жүргізу, кәсіподақ ұйымдарын ашу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы және Түркістан облысының әкімдігі арасында қол қойылған өзара ынтымақтастық туралы Меморандумды іске асыру, «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жылын» өткізу жөніндегі Жол картасын жүзеге асыру жөніндегі мәселелер қозғалды. Сондай-ақ, 2019 жылғы І-тоқсаны есебінің қорытындысына тоқтап өтті.

Ұжымдық шарт жасасу бойынша Түркістан облысы бойынша 2019 жылдың басында жалпы 6939 кәсіпорын жұмыс жасап тұрған. Есепті мерзім ішінде ұжымдық шарттардың мерзімі өткені 256, оның 256-да жаңа мерзімге қайта түзілген. Жалпы 4854 мекемеде (70,0%) ұжымдық шарт жасалса, ал 2085 мекемеде (30%) ұжымдық шарт жасалмаған.

Шымкент қаласы бойынша 2019 жылдың басында жалпы 21661 кәсіпорын жұмыс жасап тұрған. Есепті мерзім ішінде ұжымдық шарттардың мерзімі өткені 62, оның 62-сі де жаңа мерзімге қайта түзілген, ал жаңадан түзілген ұжымдық шарт саны 148. Жалпы 1033 (4,8%) ұжымдық шарт жасалған, ал 20628 (95,2%) мекемеде ұжымдық шарт жасалмаған.

Жазатайым оқиғалар Түркістан облысы бойынша 7 жазатайым оқиғадан 7 адам зардап шеккен, оның 6-уы ауыр жарақат және 1-уі жеңіл жарақат алған. Шымкент қаласы бойынша 8 жазатайым оқиғадан 8 адам зардап шеккен. Оның ішінде, өкінішке орай, 1-і қайтыс болған, 4-уі ауыр және 3-уі жеңіл жарақат алған.

«Еңбек шартын жасаңыздар» атты акциясы аясында жұмыс берушілермен және жұмыскерлер арасында Түркістан облысында 9159 және Шымкент қаласында 86 еңбек қатынастары заңдастырылған.

Жалақы қарыздары Түркістан облысы бойынша Сайрам ауданында 1 мекеменің – «STARTUS-OIL» ЖШС-нің 63 жұмыскері алдындағы 39 млн. 824 мың теңге жалақы қарызы қалған.

Шымкент қаласы бойынша 6 мекеменің 79 жұмыскер алдындағы 27,4 млн. теңге жалақы қарызы қалған.

Татуласу орталығының жұмысы:
Медиациялық процеспен дауларын шешуге келген азаматтар саны – 67, оның ішінде: бітімгершілікпен сәтті аяқталғаны – 43, түсініктеме, кеңестер берілгені – 24.
Ал, еңбек дауы бойынша келген азаматтар саны – 5, оның бітімгершілікпен сәтті аяқталғаны – 4.
Семинар-кеңес аталған бағыттағы жұмыстарды жақсарту бойынша шешім қабылдап, оны іске асыру іс-шаралары бекітілді.

Жиын соңында кәсіподақ қозғалысына еңбек сіңірген бірқатар кәсіподақ мүшелері ҚРКФ-ның төс белгілерімен және Құрмет грамоталарымен, Шымкент қаласы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.