2019 жылғы 26 сәуірде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясынан ҚР Президенттігіне үміткер ретінде ұсынылған Амангелді Таспихов мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау бойынша лингвистикалық комиссияның алдында емтихан тапсырды.
Лингвистикалық емтихан үш кезең бойынша өтті: тақырып бойынша жазбаша тапсырма жазу, мәтін оқу және лингвистикалық комиссия берген тақырыпқа көпшілік алдында кемінде он бес минут сөз сөйлеу.
Емтихан тапсырылғаннан кейін лингвистикалық комиссия талқылау өткізіп, қорытындылады.
Емтиханның нәтижелерін лингвистикалық комиссия мүшесі филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі Әділ Ахметов бұқаралық ақпарат құралдарына баяндап берді. “Комиссия жұмысы ашық және жариялы түрде жүзеге асырылды. Үміткер Амангелді Сатыбалдыұлы Таспихов бірінші тапсырмада “Менің елім” тақырыбында шығарма жазды. Жазбаша жұмыс мазмұны, стилі, емлесі, тыныс белгілері бойынша бағаланды. Үміткер терең мазмұнда сауатты жазды.
Екінші тапсырма бойынша үміткер қазақтың классикалық ақыны Қадыр Мырза Әлидің «Таңдамалар» жинағынан үзінді оқып шықты. Мәтінді оқу кезінде үміткер мемлекеттік тілді еркін меңгергенін көрсетті.
Үшінші тапсырма бойынша Президентке үміткер «Менің елім» тақырыбы бойынша өз ойын 15 минутта ауызша айтып берді. Комиссия мүшелері Амангелді Таспиховтың тілді меңгеру деңгейінің жоғары екенін атап өтті”.
Емтихан қорытындысы бойынша лингвистикалық комиссия Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Амангелді Таспиховтың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі туралы ашық дауыспен шешім қабылдады.
Естеріңізге сала кетейік, Орталық сайлау комиссиясына президент сайлауына 5 үміткер құжат тапсырды. Олардың қатарында Сәдібек Түгел (“Ұлы дала қырандары” республикалық қозғалысы), Қасым-Жомарт Тоқаев (“Нұр Отан” партиясы), Дания Еспаева (“Ақ Жол” ҚДП), Төлеутай Рахымбеков (“Ауыл” партиясы).