АМАНГЕЛЬДІ ТАСПИХОВТІҢ АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ШТАБЫ АШЫЛДЫ

Бүгін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясынан Президенттікке үміткер Амангельді Таспиховтің Ақтөбе облыстық қоғамдық штабы таныстырылып, жұмысы басталды. Штаб Ақтөбе облысы Кәсіподақтар Орталығында орналасқан.

Өңірлік штабты Ақтөбе облысы Кәсіподақтар Орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев басқарды. Штаб құрамына салалық және жергілікті кәсіподақтардың аумақтық құрылымдарының кәсіподақ белсенділері, еңбек ардагерлері, кәсіподақ мүшелері мен жастар белсенділері кірді.

Штаб толығымен құрылып, өңірлік штабқа барлығы 23 адам кірді, оның ішінде “Келешек” Жастар Кеңесінің мүшелеріде бар. Штабта қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылды, онда қарапайым халық мұң-мұқтаждарымен бөлісуге, сұрақтар қойып, тілектерін білдіре алады. Сонымен қатар, штаб құрылымында Жастар қанаты құрылған.

Ақтөбе облысында «Кәсіподақтар Федерациясы» атынан сайлауға түскен үміткерді қолдайтын 6 мыңнан астам азаматтың қолы жиналды. Сенімді тұлғалар белсенді еңбек етіп, бұл көрсеткіш санаулы күннің ішінде тіркелген және қойылған қолдың барлығы да расталды. Штабтың сайлау алдындағы жұмысы барысында Амангелді Таспиховтың 150-ден астам сенімді өкілі кандидат үшін үгіт-насихат жүргізетін болады.