Шымкентте сайлаушылармен кездесу басталды. Бүгін ҚР Президенттігіне кандидат А. Таспиховтың сенімді өкілдері алғашқы насихаттық кездесуін ұйымдастырды. Олар қаладағы «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында» білім, медицина, мәдениет саласы қызметкерлерімен және жастар өкілдерімен кездесті.
Алқалы кездесуге 120 сайлаушы қатысты. Басқосуда А. Таспиховтың Түркістан облыстық және Шымкент қаласы бойынша қоғамдық штабының жетекшісі, сенімді өкілі Берік Бекжанов сайлаудың саяси маңыздылығына тоқталып, жиналғандарды кандидат А. Таспиховтың сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды.
Кездесуге қатысушылар кандидат тұғырнамасының бүгінгі таңда өзекті екенін айтып, еңбек адамдарының құқы мен мүддесін қорғау тұрғысындағы мәселелерге орай өз ой-пікірлерін ортаға салды. Жиналғандар тарапынан түрлі сауалдар жолданды.
Студент жастар Бекзат Елемесов, Аяулым Тағайбек, Ұлжан Жамбосқызы жастарды қолдау мәселелеріне және еңбек қатынастарына қатысты түрлі сұрақтар қойды. Штаб жетекшісі Берік Бекжанов пен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Бақыт Еркінбек, Түркістан облыстық мемлекеттік мекемелері, банк және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрайымы Күлдар Есебаева, «Сенім» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Шымкент филиалының төрағасы Ерқозы Батырбеков өскелең ұрпақтың көңілін күпті еткен сұрақтарға жауап берді.
Басқосуға арнайы келген көпшілік Қазақстан кәсіподағының қызметін жандандырып, жаңа биікке көтеру мүмкіндіктерін қолдады. Атап айтқанда еңбек қауіпсіздігі мен ұжымдық шарттың әлеуметтік маңыздылығына ерекше ден қойды, кәсіподақтардың ұстанып отырған көзқарастары мен нақты қадамдары сайлаушылар тарапынан қолдау табуына ниет білдірді.