Елімізде сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қарқын ала бастады. Президенттікке кандидаттар мен олардың сенім білдірілген адамдары өңір-өңірді аралап, халыққа сайлауалды тұғырнамалардың басым бағыттарын түсіндіруде.
Nur Otan партиясының атынан президенттік сайлауға ұсынылған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің барлық аймағында 227 қоғамдық сайлауалды штабы жұмыс істеп жатыр. Соның аясында кеше штаб өкілдері Қарағанды облысына барды. Жергілікті халықпен кездесулер кезінде металлургтер мен кеншілер Nur Otan партиясының кандидатын бірауыздан қолдайтындарын білдірді.
Штаб басшысы, Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев бастаған аталған республикалық қоғамдық штабтың құрамында мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі кәсіпкерлер, мәдениет және спорт жұлдыздары және тағы басқа белсенді азаматтар бар. Олар алдымен Теміртау қаласындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ комбинатының алаңында өткен кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдауға арналған іс-шараға қатысты. Металлургтер алдында сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев «Сапарымызды Қарағанды облысынан, дәл сіздердің зауыттарыңыздан бастауымыз кездейсоқ емес. Себебі бұл зауытта Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолы басталды. Осы жерде Елбасымыз шыңдалып, тұлға ретінде қалыптасып, қайралып, қайраттанып шықты. Елбасымыздың әлемдік деңгейдегі саясаткер болуының негізі де осы өңірде, осы зауытта қаланды», деді.
* * *
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының атынан президенттікке кандидат Төлеутай Рақымбековтің сайлауалды бағдарламасымен таныстыру мақсатында Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде сайлаушылармен кездесу өтті. Аталған жиынға партия төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев, партияның Жамбыл облыстық филиалының саяси кеңес мүшелері, облыстық және аудандық мәслихаттың депутаттары, қалалық және аудандық филиалдарының төрағалары, кәсіпкерлер, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.
Әуелі «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев кандидат Төлеутай Рақымбековтің сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, партияның қазіргі жұмыстарына тоқталды. Сайлауалды бағдарламада айтылған Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту – халықтың әл-ауқатын арттырудың кілті, ауылдар мен қалалардың әлеуметтік теңдігі – қоғамның өзекті мәселелерін шешу мүмкіндігі, дәстүрлі және рухани құндылықтарды сақтау – ел дамуының сенімді негізі және ауылдағы жастар саясатының тиімді моделі – ауылды өркендетудің құралы сынды мәселелер де кеңінен талқыланды.
Бұдан кейін «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Жамбыл облыстық филиалының саяси кеңес мүшесі, «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Нұрлан Балғабаев және «Ауыл» партиясы Тараз қалалық филиалының төрағасы Қайрат Байжанов сөз алып, еліміздегі ең ірі саяси науқанға байланысты өз ойларын жеткізді. Әрбір қатысушы бағдарламаға сәйкес пікірін білдіріп, оның маңыздылығын атап өтті.
* * *
«Ақ жол» партиясынан кандидат Дания Еспаева партия төрағасы Азат Перуашев бастаған республикалық штаб өкілдерімен бірге Алматы базарында жұмыс істейтін кәсіпкерлермен кездесті. «Жібек жолы» базарында кәсібін дөңгелетіп отырған жұртшылық кандидат пен партия өкілдерінен Қазақстандағы шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері жөнінде сұрады. Осыған орай өз кезегінде Д.Еспаева сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтары туралы баяндап, оның ішінде кәсіпкерлікке қатысты мәселелерін шешу бағыты да айқын көрсетілгенін атап айтты.
Сонымен қатар президенттіктен үміткер Д.Еспаева Алматыдағы «Темірбетон-1» ЖШС ұжымымен кездесті. Темірбетонды өнімдер мен құрылғыларды дайындауда үлкен жетістікке жеткен, 65 жылдық тарихы бар бұл кәсіпорында 400-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Олар кандидаттың сайлауалды бағдарламасымен танысып, өздерін толғандырған сауалдарын қойды.
Бұдан кейін партияның республикалық штабы үгіт-насихат жұмысын Талдықорғанда жалғастырып, онда еліміздегі ірі аккумлятор зауыты «Қайнар» ЖШС жұмысшыларымен кездесті. А.Перуашев мұндай әлеуетті өндіріс орнына мемлекеттік қолдаудың жаңа механизмдерін енгізу керектігін назарға алып, ондай басымдық Д.Еспаеваның сайлауалды бағдарламасында көрсетілгенін айтты.
* * *
Қазақстан Коммунистік халық партиясынан президенттікке кандидат Жамбыл Ахметбековтің республикалық сайлауалды штабының өкілдері Ақмола облыстық аурухана қызметкерлерімен кездесті. Жиында «Халық коммунистері» фракциясының депутаты Владислав Косарев пен ұйымның Ақмола облыстық комитетінің бірінші хатшысы Бейсенбай Мәжитов сөз сөйледі.
* * *
Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясынан кандидат Амангелді Таспиховтың кеше сайлауалды тұғырнамасы жарияланып, облыстық штабтары аймақтарда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе бастады.
Кандидаттың республикалық қоғамдық штабының сенімді өкілдері Нұр-Сұлтан қаласындағы Онкологиялық ауруханада еңбек ұжымымен кездесті. Кездесуге 100-ге жуық медицина қызметкері қатысты. Штабтың тең төрағасы С.Дәулеталин кандидаттың еңбек жолы мен адамгершілік тұлғасын баяндап, сайлауалды тұғырнамасымен таныстырды.
* * *
«Ұлт тағдыры» ұлттық-патриоттық қозғалысы атынан президенттікке кандидат Әміржан Қосановтың сайлауалды штабы Солтүстік Қазақстан облысының Бәйтерек ауылына келді. Штаб өкілдері жергілікті тұрғындармен кездесіп, кандидаттың сайлауалды тұғырнамасын таныстырды.
* * *
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жетісу» саябағында «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысынан президенттікке кандидат Сәдібек Түгелдің сайлауалды штабы экологиялық акция өткізді. 1991 жылы 12 мамыр экологиялық білім күні ретінде белгіленіп, Ресейде және ТМД елдерінде атап өтіліп келеді. Осыған сәйкес аталған акция қоршаған ортаға қамқорлық жасауды, жас буынды туған жерінің табиғатына жанашырлықпен қарауға экологиялық білім беру арқылы тәрбиелеуді мақсат етіп алды.
С.Түгел өзінің сайлауалды бағдарламасында «Жер-ана – жанымыз, ана тілі – арымыз» деп ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру басты ұстанымы екенін атап көрсеткен. Сондықтан бұл шараға мектеп оқушылары мен республикалық каратэ федерациясының жас спортшылары жиналды. Олар «Ұлы дала қырандары» қозғалысының кандидатына қолдау көрсетіп, саябақтардағы тасталған қоқыстарды жинап, акцияға белсенді қатысты. Осылайша жас ұрпақ адамның санасы тазармай, қаласы тазармайтынын сезініп, экологиялық іс-шарадан ерекше әсер алды.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен ұрпақ тәрбиесін алға қоятын С.Түгел осы шараның алдында елордадағы түнгі клубтарды аралап, жасөспірімдерді жат қылықтардан бойын аулақ ұстауға шақырды. Бүгінде кандидаттың 3 қалада және 15 облыста 17 қоғамдық сайлауалды штабы жұмыс істеп жатыр.
Дайындаған
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
Қалмаханбет МұҚаметқали,
Хамит ЕСАМАН,
«Egemen Qazaqstan»