Қызылорда аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде 15 мамыр - Халықаралық отбасы күніне орай «Еңбек саласындағы әйелдер: еңбек және отбасы» дөңгелек үстелі өтті. Оған әлеуметтік әріптестер, қоғамдық ұйым өкілдері, түрлі сала мамандары, облыстық кәсіподақтардың жұмыскер әйелдер комиссиясы мүшелері және жастар, БАҚ өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел модераторы кәсіподақтар орталығы төрағасы Серік Сермағамбетов алғысөзінде қатысушыларды мерекемен құттықтап, айтулы күннің қоғамда руханилықты, өнегелілікті нығайтуға, отбасы жауапкершілігінің маңыздылығына ықпал етуші мәнін атап өтті.
Модератор халықаралық отбасы күнінің елде саяси науқанмен тұспа-тұс келуіне тоқталып, дөңгелек үстел қатысушыларын 9 маусымда өтетін Қазақстан Республикасы Президенті сайлауында белсенділік танытуға шақырды. Кәсіподақтар Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Амангелді Таспиховтың өмірбаяны мен тұғырнамасынан таныстырма жасады.
Дөңгелек үстел басында еңбек саласындағы әйелдер, отбасы мен еңбектегі әйелдер мәселелері бойынша көптеген ақпараттар беріліп, ой-пікірлер айтылды.
Аймақтағы ірі мұнай компаниясы «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамының кәсіподақ ұйымы төрайымы Бақытжан Мұқашева Ұжымдық шарттағы әлеуметтік мәселелер қарастырылуына тоқталды, отбасылық құндылықтар турасында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті оқытушысы, «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Зинара Тажиева әңгімеледі. Сонымен қатар, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамының филиалы директоры Гүлсім Денеева мемлекеттік сақтандыру қорынан әйелдерге төленетін әлеуметтік төлемдер туралы, облыстық Кәсіпкерлер Палатасының бөлім басшысы Жанна Скакова әйелдер кәсіпкерлігін, отбасылық, әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары туралы түсіндірме хабарламалар жасады. Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының облыстық «Нартайдың бүлдіршіндері» қуыршақ және жастар театрының әртісі Айгүл Қиятова өз мамандығының қыр-сырларымен бөлісіп, еліміздегі Жастар жылындағы жас мамандарға қажетті қолдаулар бойынша ой-пікірімен бөлісті.
«Еңбек саласындағы әйелдер: еңбек және отбасы» дөңгелек үстелінің қорытынды құжаты ретінде қатысушылармен Қазақстан Ресубликасы Кәсіподақтар Федерациясының әлеуметтік әріптестерге еңбек саласындағы әйелдер мәселелері бойынша ұсынған Ұсынымдарына қолдау құжаты қабылданды.