Шымкентте сайлауалды шаралар қызу жүргізілуде. Желілік кестеге сай ҚР Президенттігіне кандидат А. С. Таспиховтың Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша қоғамдық штабы басшысының орынбасары Серік Әуесханов пен үміткердің сенімді өкілдері «ПетроКазахстан Ойл продактс» ЖШС-де болды. Серіктестіктің кәсіподақ ұйымының басшыларынан құралған кездесуде 20 адам бас қосты.
Штаб басшысының орынбасары Серік Әуесханов мекеме қызметкерлерін А.С.Таспиховтың сайлауалды тұғырнамасымен және өмірбаянымен таныстырды. Атап айтқанда, жұмыс орнындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы бөлімге арнайы тоқталып, А.С. Таспихов бағдарламасынан үзінді оқып берді. Жиында еліміздегі ең жоғары лауазымға үміткер іріктеудің маңыздылығы мен бұл жолғы саяси доданың ерекшеліктері ортаға салды. Сондай-ақ, үгіт-насихат тобы ұйым төрағалары тарапынан жолданған бірқатар сұрақтарға жауап берді.
Белсенділер жиналғандарды сайлауда белсенділік танытып, дауыс беруге шақырды. Жауапты кезеңде халық таңдауының қаншалықты маңызды екеніне тоқталып, сайлауалды басқосуды белсенді атқарды. Жиын соңынан қатысушыларға үгіт-насихат парақшалары таратылып берілді.