Сайлауалды кездесулерді ұйымдастыру үшін Қазығұрт ауданында болған белсенді топтың сайлаушыларымен кездесуі Тұрбат ауылында жалғасын тапты. Жеке кәсіпкер Хамдамиддин Садировтың раушан гүл өсіретін жылыжайында болған жиынға 40 адам қатысты.
Айта кетейік, 12 мың тұрғын тұратын Тұрбат ауылында орналасқан бұл жылыжайда 50 шақты адам жұмыспен қамтылған. «Черная магия» деп аталатын сұранысқа ие раушан гүлін өсіретін шаруалар өніміне қазір шетелдерден де тапсырыстар түсуде.
Жайқалған гүл бағында өткен емен-жарқын кездесуде кандидат А.Таспиховтың Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша қоғамдық штабының басшысы Берік Бекжанов жиналғандарға еліміздегі ең жоғары лауазымға үміткер іріктеудің маңыздылығын түсіндірді. Саяси додадан шет қалмай, белсенді болуға шақырды. Кандидат А.Таспиховтың тұғырнамасын таныстырып шыққан штаб басшысы ондағы маңызды бағыттарды ой елегінен өткізді. Берік Бекжанов еңбек адамының рөлін айқындап, оның мәртбесін көтеруде өз ұсыныстарын жолдап отырған үміткердің сайлауалды бағдарламасын талқы таразысына салды.
Штаб басшысы Берік Айдарбекұлы кандитат тұғырнамасында көрсетілген жауапсыз жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыруға, еңбекке лайықты жалақы төленуіне, жұмыскердің қауіпсіздігі мәселеріне қатысты үміткердің ұстанымдарын жеткізді. Сондай-ақ еңбек миграциясын реттеп, қазақстандықтарды лайықты жұмыспен қамтамасыз етуге шақырған А.Таспиховтың көзқарастарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Тұғырнамаға сүйенген штаб басшысы «Кез келген еңбек адамы үшін оның еңбегіне лайықты ақы төленуі-негізгі шарт болып табылады» дей келе осы арқылы тұрғындардың өмір сүру деңгейі мен қоғамдағы жалпы әлеуметтік тұрақтылық анықталатынын жеткізді.
Үміткер бағдарламасымен танысып шыққан шаруалар штаб мүшелеріне түрлі сауалдар жолдап, тұшымды жауап алды. Гүл өсіруге бағытталған шаруашылық иесі Хамдамиддин Сабиров кадр тапшылығын алға тартып, осы бағыттағы үміткер ұстанымдарына қатысты сауалын жолдады. Ал көкөністер жылыжайының жетекшісі Бұрхан Успановты егістік алқаптарының аздығы мен субсидияның жайы алаңдататын болып шықты. Шаруа штаб өкілдеріне егістікке берілетін жер телімдерін арттыру, аграрларды қолдауға қатысты сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды.