Қызылордада 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған шара өтті. Шараға мәдениет және өнер мекемелерінің — мұражайлар мен кітапханалардың, театрлар мен концерттік ұйымдардың, халық шығармашылығы және мәдениет үйлерінің, ауылдық клубтардың қызметкерлері қатысты.
Шараның алғысөзінде аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағамбетов қатысушыларды төл мерекелерімен құттықтап, мереке иелеріне ұлттық өнер мен мәдени мұраны насихаттаудағы ерен еңбектеріне алғыс білдірді. Сала қызметкерлерін, кәсіподақ мүшелерін С.Сермағамбетов ағымдағы жылы 9 маусымда өтетін Қазақстан Республикасы Президенті сайлауында белсенділік танытуға шақырды.
Кәсіподақтардан кандидат Аманкелді Таспиховтың өмірбаяны мен тұғырнамасымен таныстырды. Еңбек адамының жұмыс жасаудағы, қауіпсіз еңбек етуі мен лайықты еңбек ақы алуын көздеген кандидаттың сайлауалды тұғырнамасының басты қағидаттары түсіндірілді.
Серік Сермағамбетов салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің Қызылорда облыстық кәсіподағы төрайымы Раушан Үмбетоваға және бірқатар Аманкелді Таспиховтың сенімді өкілдері болуға ниет білдірген салалық кәсіподақ белсенділеріне сенімді өкіл белгілерін тапсырып, сайлауалды үгіт-насихат науқанындағы жауапкершілікті жұмыстарына сәттілік тіледі. Шарада жұмыскерлердің еңбек құқығы мен қауіпсіздігі бағытында белсенді жүйелі еңбек етіп жүрген кәсіподақ төрағалары мен өндірістік кеңес мүшелері, техникалық инспекторлар, мамандар мерекелік марапаттарға ие болды.